ҚПЛ: «Қайрат» сырт алаңда «Қызылжарды» сүріндірді

АСТАНА. KAZINFORM – Футболдан Қазақстан Премьер-лигасы ХІV турында екінші ойын күнінде алматылық «Қайрат» сырт алаңда Петропавлдың «Қызылжарын» сүріндірді.

Фото: «Қызылжар» футбол клубы

Ойын барысында алматылық клуб қатарынан екі гол соғып, басымдықты арттыра түсті. Олардың қатарынан алдымен Яакко Оксанен 9-минутта көзге түссе, 14-минутта Марк Гуаль көздеген нысанадан мүлт еткен жоқ.

Келесі кезекте алаң иелері сапынан Стефан Баокен 22-минутта есеп айырмасын қысқартса, Этьен Бугре 39-минутта пенальтиден гол соқты.

Екінші кезеңде «Қайрат» Жоржиньо 77-минутта пенальтиді мүлтіксіз орындаса, 92-минутта Луиш Мата қорытынды есепті белгіледі.

Осылайша алматылық клуб қарсыласынан 4:2 есебімен басым түсіп, турнир кестесінде екінші орынға берік орнықты.

Сондай-ақ бүгін өз алаңында көкшетаулық «Оқжетпес» Қостанайдың «Тобылын» 2:1 есебімен тізе бүктірді.

Дәл қазір «Елімай» (Семей) - «Атырау», «Ақтөбе» - «Астана» кездесулері өтіп жатыр.

Айта кетсек, бұл турда 20 маусымда төрт ойын өткізілді. Бұл күні «Алтай» (Өскемен) - «Жетісу» (Талдықорған) 3:3, «Жеңіс» (Астана) - «Ертіс» (Павлодар) 0:0, «Қайсар» (Қызылорда) - «Ұлытау» (Жезқазған) 0:0 есебімен тең түссе, шымкенттік «Ордабасы» Ақтаудың «Каспийінен» 2:0 есебімен басым түсті.

Еске салсақ, бұдан бұрын «Ордабасы» қатарынан бесінші мәрте жеңіске жетті.