ҚПЛ: «Қайрат» сырт алаңда «Тобылдан» басым түсті

Фото: ҚФФ

АСТАНА. KAZINFORM - Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің ХVIIІ турының тағы екі ойынының нәтижесі белгілі болды.

Турнир кестесінде «Тобыл» (Қостанай) мен «Қайрат» (Алматы) командалары қатарлас келеді. Екеуі де қазір үздік үштікте тұр. Бас жүлдеге үміткер клубтар қатарына кіреді.

Кездесу барысында командалар шабуылға көбірек көңіл бөлді. Ойын басынан бір-бірінің қақпасы маңында жиі бой көрсетті. Нәтижесінде алматылық клуб сапынан Жоржиньо 45-минутта есеп ашса, 68-минутта Валерий Громыко басымдықты арттырды.

Ал қостанайлық командадан Ахмед Эль-Мессауди 77-минутта пенальтиді мүлтіксіз орындаса, одан кейін «Қайрат» сапынан Рикардиньо кездесудің нүктесін қойды. Осылайша алматылық футболшылар сырт алаңда қарсыласынан 3:1 есебімен басым түсті.

Сондай-ақ тағы бір кездесуде семейлік «Елімай» өз алаңында Талдықорғанның «Жетісуын» 3:0, қызылордалық «Қайсар» Петропавлдың «Қызылжарын» 1:0 есебімен жеңді. Ал 25 шілдеде «Жеңіс» (Астана) пен «Оқжетпес» (Көкшетау) 0:0 есебіне қанағат білдірді.

Бұл турдағы 30 сәуірде алдын ала өткізілген ойында «Атырау» өз алаңында «Астанаға» 0:2 есебімен жол берген еді.

Сондай-ақ 27 шілдеде 20:00-де «Тұран» (Түркістан) мен «Ордабасы» (Шымкент) шеберлік байқасады.