ҚПЛ: «Қызылжар» «Ертісті» жеңіп, 11-орынға көтерілді

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін футболдан Қазақстан Премьер-лигасы ХХVІ турындағы «Ертіс» (Павлодар) — «Қызылжар» (Петропавл) кездесуінің нәтижесі белгілі болды.

Фото: «Қызылжар» футбол клубы

Екі команда да турнир кестесінде төменгі орындарда келеді. Сондықтан олар үшін бүгінгі ойында үш ұпай олжалау маңызды еді.

Кездесу барысында петропавлдық клуб сапынан Айбол Әбікен 9-минутта есеп ашса, Лиридон Латифи 71-минутта пенальтиден мүлт кеткен жоқ.

Осылайша, «Қызылжар» қарсыласынан 2:0 есебімен басым түсіп, турнир кестесінде 27 ұпаймен он бірінші орынға көтерілді.

Дәл қазір «Тобыл» (Қостанай) — «Астана», «Елімай» (Семей)- «Ақтөбе», «Қайрат» (Алматы) — «Жетісу» (Талдықорған) өтіп жатыр.

Сондай-ақ 19:00–де «Жеңіс» (Астана) — «Атырау» жасыл алаңға шығады.

Ал 11 қазан 15:00–де «Ұлытау» (Жезқазған) — «Оқжетпес» (Көкшетау), 16:00–де «Каспий» (Ақтау) — «Алтай» (Өскемен), 19:00–де «Қайсар» (Қызылорда) — «Ордабасы» (Шымкент) ойнайды.

Футболдан Қазақстан чемпионатының соңғы туры 31 қазан күні өткізіледі.

Еске салайық, футзалдан Қазақстан құрамасының 2028 жылғы әлем чемпионаты негізгі іріктеу кезеңіне қатысатын құрамы жарияланды.