ҚПЛ: Көшбасшы командалар жеңілістің ащы дәмін татты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін еліміздің екі қаласында футболдан Премьер-лига командалары арасындағы біріншіліктің 23-тур ойындары өтті. Петропавлда «Қызылжар» Алматының «Қайратын», Қарағандыда «Шахтер» елорданың «Астана» командасын қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Турнир кестесінде соңғы орындардың бірінде тұрған «Қызылжар» үшін бұл ойында жеңістің ауадай қажет болғаны белгілі. Ал «Қайрат» жүлдеге ілігу тағдырын ертерек шешіп қойды. Сондықтан бүгінгі кездесуге негізінен жастарды қосты. Олардың қатарына Владимир Плотников, Елдос Ахметов, Георгий Жуков, Исламбек Қуат сынды тәжірибелі жігіттер  қосылды.

Соған қарамастан «Қайрат» голды алғаш болып соқты. Ол 6-минутта Магамед Парагульговтың еншісіне жазылды. Бұдан кейін алаң иелері сапынан Тимур Мульдинов 37-минутта таразы басын теңестіріп кетті. Ал 80-минутта жеңіс голы соғылды. Петропавл клубының гамбиялық шабуылшысы Момоду Сисей «Қайрат» қақпасынан саңылау тапты. Есеп - 2:1. Үш ұпайды қоржынға салған «Қызылжар» турнир кестесінде 33 ұпаймен сегізінші орынға көтерілді. Аталмыш команда осылайша төменгі топқа түсіп қалу қаупі бар аймақтан ұзай түсті.

Елордалық «Астана» да Қарағандыға қосалқы құрамды алып барды. Алғашқы минуттан негізгі құрамға шыққандар қатарында барлығы жастар болып табылады. «Шахтердің» де турнир кестесіндегі жағдайы мәз емес. Сондықтан «Астана» жастарын жеңуге бар күшін салды. Бұл кездесуде «Шахтер» шабуылшысы Оралхан Өміртаев 21, 27 және 41- минуттарда хет-трик жасады. Оған 86-минутта «Астана» ойыншысы Рамазан Кәрімов бір голмен жауап қайырды. Аталмыш жеңістен кейін «Шахтер» 32 ұпай жинады. Турнир кестесінде Оралдың «Ақжайығы» мен Павлодардың «Ертісін» артқа тастады. Осының нәтижесінде 10-орынға көтерілді.

Осы аптаның сенбісінде, 3 қарашада еліміздің алты қаласында 32-тур ойындары өтеді. Бұл турда «Астана» мен «Қайрат», «Ертіс» пен «Ақжайық», «Қызылжар» мен «Ордабасы», «Қайсар» мен «Жетісу», «Шахтер» мен «Тобыл», «Атырау» мен «Ақтөбе» командалары кездеседі.

Сондай-ақ, «Астана» 8 қарашада Еуропа лигасы топтық кезеңіндегі 4-турда өз алаңында Чехияның «Яблонец» командасымен кездеседі. Елордалық клуб аталмыш командамен 26 қазанда сырт алаңда 1:1 есебімен тең ойнады. Оған дейін «Астана» екі ойын өткізді. Елордалық «Астана» алдымен Украинада «Динамо» (Киев) клубымен 2:2 есебімен тарқасты. Одан кейін өз алаңында Францияның «Ренн» командасынан 2:0 есебімен басым түсті.