ҚПЛ: «Оқжетпес» пен «Елімай» тең ойнады

Фото: ҚФФ

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің ХІХ турында алғашқы ойынның нәтижесі белгілі болды.

Бұл кездесуде «Оқжетпес» (Көкшетау) пен «Елімай» (Семей) шеберлік байқасты.

Екі команда турнир кестесінде қатарлас келеді. Сондықтан жеңгені жағдайын жақсарта түсетін еді. Дегенмен алғашқы минуттан семейлік клубтың белсенділігі байқалды. Бірінші кезеңде олар шабуылға көбірек шықты. Соған қарамастан таблодағы есепке өзгеріс енген жоқ.

Екінші кезеңде «Оқжетпес» сапынан Дәурен Жұмат 54-минутта мергендік танытты. Бұл — көкшетаулық жартылай қорғаушының биылғы біріншіліктегі тоғызыншы голы. Ол сұрмергендер көшінде «Астана» ойыншысы Назми Грипшимен гол саны жөнінен теңесті.

Оған «Елімай» құрамынан Ғалымжан Кенжебек 66-минутта бір голмен жауап қайырды.
Осылайша командалар 1:1 есебіне қанағат білдірді.

Дәл қазір аталған турдағы «Қайрат» (Алматы) пен «Ұлытау» (Жезқазған), «Қызылжар» (Петропавл) мен «Тобыл» (Қостанай) ойындары өтіп жатыр. 

Сондай-ақ 3 тамызда 20:00–де «Ордабасы» (Шымкент) мен «Атырау», «Жетісу» (Талдықорған) мен «Тұран» (Түркістан), «Ақтөбе» мен «Жеңіс» (Астана) ойнайды.

Аталған турдағы «Астана» мен «Қайсар» (Қызылорда) кездесуі белгісіз мерзімге кейінге шегерілді. Бұл шешім елордалық клубтың еурокубок ойындарына қатысуына байланысты қабылданып отыр.