ҚПЛ: «Оқжетпес» үштікке таласты жалғастырды

АСТАНА. KAZINFORM — Футболдан Қазақстан Премьер-лигасының ХХІІ туры мәресіне жетті. Бұл турды «Атырау» — «Оқжетпес» (Көкшетау) кездесуі түйіндеді.

Фото: «Оқжетпес» футбол клубы

Турнир кестесінде командалар жағдайы түрліше болып тұр. Көкшетаулық клуб үздік үштікке таласуға күш салып жүрсе, атыраулық ұжым Премьер-лигадағы орнын сақтап қалуға тырысады.

Кездесу барысында командалар бірінші кезеңде тартысты ойын өткізді. Соған қарамастан таблодағы есепке өзгеріс енген жоқ.

Екінші кезеңде көкшетаулық клуб басымдықты арттыра түсті. Нәтижесінде олардың қатарынан Дмитрий Бородин 76, Оралхан Өміртаев 87-минутта екі гол соғып кетті.

Осылайша «Оқжетпес» қарсыласынан 2:0 есебімен басым түсіп, турнир кестесіндегі жағдайын жақсарта түсті.

Сондай-ақ бүгін қостанайлық «Тобыл» сырт алаңда Павлодардың «Ертісінен» 2:0 есебімен басым түссе, «Каспий» (Ақтау) — «Елімай» (Семей) 2:2, «Қызылжар» (Петропавл) — «Астана» 1:1 есебіне қанағат білдірді.

Ал 15 тамызда алматылық «Қайрат» Жезқазғанның «Ұлытауынан», шымкенттік «Ордабасы» Өскеменнің «Алтайынан» 3:1, астаналық «Жеңіс» Талдықорғанның «Жетісуынан» 4:1 есебімен басым түсче, сырт алаңда «Ақтөбе» Қызылорданың «Қайсарын» 2:1 есебімен тізе бүктірді.