ҚПЛ: «Ордабасы» қатарынан төртінші мәрте жеңіске жетті

Фото: Фото: Қазақстан футбол федерациясы

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасындағы Қазақстан чемпионаты 8-турында шымкенттік «Ордабасы» өз алаңында қызылордалық «Қайсарды» ірі есеппен жеңді.

Биылғы біріншілікті сәтсіз бастаған шымкенттік клуб соңғы үш турда жеңіске жеткен еді.

Нәтижесінде турнир кестесінде жағдайын жақсарта түсті. Олар сол сәттілік сериясын жалғастыра түсті.

Алғашқы минуттан ойын тізгінін қолға алған шымкенттік клуб бірінші кезеңде қарсылас қақпасына екі гол соғып үлгерді. Ойынның 18-минутында шымкенттік клубтан Мораес Эвертон есеп ашса, Карам Султанов 34-минутта өз қақпасына гол соғып алды.

Ал екінші кезеңде Виктор Мудрак 76-минутта пенальтиді мүлтіксіз орындаса, одан кейін Еркебұлан Тұңғышбаев 83, Сергей Малый 93-минутта мергендік танытты.

Осылайша «Ордабасы» қарсыласынан 5:0 есебімен басым түсіп, қатарынан төртінші мәрте жеңіске жетті.

Сондай-ақ бүгін тағы бір кездесуде көкшетаулық «Оқжетпес» сырт алаңда Талдықорғанның «Жетісуын» 3:1 есебімен сүріндірді. 

Дәл қазір «Ақтөбе» мен Семейдің «Елімай» командалары кездесуінің екінші кезеңі өтіп жатыр. Әзірге есеп — 0:0.

Кеше, 10 мамырда елордалық «Астана» өз алаңында қостанайлық «Тобылға» 1:3 есебімен есе жіберді. 

Аталған турда петропавлдық «Қызылжар» өз алаңында жезқазғандық «Ұлытау» клубын 2:1, түркістандық «Тұран» «Атырауды» 1:0 есебімен жеңді.