ҚПЛ: «Ордабасы» мен «Елімай» тең нәтижеге қанағат білдірді
АСТАНА. KAZINFORM - Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің ХІІ туры мәресіне жетті.
Соңғы екі ойынның бірінде «Ордабасы» (Шымкент) мен «Елімай» (Семей) командалары кездесті.
Қарсыластар турнир кестесінде қатарлас келеді. Сондықтан тартысты ойын өтетіні белгілі еді. Жеңген команда жағдайын жақсарта түсетіні анық болатын.
Ойын барысында «Елімай» сапынан Кевин Ролон 39-минутта есеп ашса, 85-минутта Муроджон Халматов таразы басын теңестірді.
Командалар 1:1 есебіне қанағат білдіріп тарасты.
Дәл осындай есеппен «Қайсар» (Қызылорда) мен «Тобыл» (Қостанай) кездесуі аяқталды. Бұл ойында алғашқы болып есепті қостанайлық клубтан Марко Вукчевич 18-минутта көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ. Ал 38-минутта «Қайсар» сапынан Дидар Жалмұқан таразы басын теңестірді.
Елордалық «Астана» 15 маусымда Көкшетаудың «Оқжетпесінен» 5:2 есебімен басым түсті.
Сондай-ақ 14 маусымда «Жетісу» (Талдықорған) мен «Қайрат» (Алматы) 2:2,« Қызылжар» (Петропавл) мен «Ақтөбе» 0:0 есебіне қанағат білдірсе, «Атырау» өз алаңында жезқазғандық «Ұлытауға» 0:1, түркістандық «Тұран» елордалық «Жеңіске» 0:2 есебімен есе жіберді.