ҚПЛ: «Ордабасы» сырт алаңда ірі есеппен басым түсті

АСТАНА. KAZINFORM - Футболдан Қазақстан Премьер-лигасын ХХІ туры бірінші турында шымкенттік «Ордабасы» сырт алаңда Талдықорғанның «Жетісуынан» ірі есеппен басым түсті.

Фото: «Ордабасы» футбол клубы

Биыл алдына бас жүлде алуды мақсат етіп қойған шымкенттік клуб қазір әрбір кездесуде жеңіске жетуге бар күшн салып келеді. Турнир кестесінде төменгі орындарды місе тұтып жүрген талдықорғандық команданың жағдайын жақсартуға күші келер емес.

Кездесу барысында «Ордабасы» сапынан Эльхан Астанов 18-минутта есеп ашса, 46-минутта Леон Натель басымдықты арттыра түсті.
Ал Эльхан Астанов 78-минутта тағы бір мәрте көзге түссе, 80-минутта Эвертон Мораес кездесу нүктесін қойды.

Осылайша «Ордабасы» қарсыласынан 4:0 есебімен басым түсіп, турнир кестесінде 49 ұпаймен бірінші орынға орнықты. Олардың екінші орында 45 ұпаймен келе жатқан «Қайраттан» бір ойыны артық. 

Бұл турдағы екі кездесу кейінге қалдырылды. Ал қалған ойындар 8 және 9 тамыз күндеріне белгіленген. Алдымен 8 тамызда үш кездесу өткізілсе, 9 тамызға үш кездесу жоспарланған.

Айта кетсек, бұған дейін «Алтай» (Өскемен) - «Қызылжар» (Петропавл) 2:2 есебіне қанағат білдірді.

Сондай-ақ дәл қазір «Каспий» (Ақтау) - «Ұлытау» (Жезқазған) кездесуі өтіп жатыр.

Ертең, 9 тамызда 18:00-де «Астана» - «Оқжетпес» (Көкшетау),19:00-де «Елімай» (Семей) - «Ертіс» (Павлодар), 20:00-де «Атырау» - «Ақтөбе» жасыл алаңға шығады.

Еске салсақ, қазақстандық маман Владимир Чебурин екі жақты келісім бойынша «Атырау» футбол клубының бас бапкері қызметінен кетті.