ҚПЛ: «Тобыл» биылғы біріншіліктегі екінші жеңісіне жетті

АСТАНА. KAZINFORM - Футболдан Қазақстан Премьер-лигасының ІХ турының алғашқы ойын күні мәресіне жетті.

Фото: «Тобыл» футбол клубы

Бұл ойында «Тобыл» (Қостанай) - «Ертіс» (Павлодар) өзара шеберлік байқасты.

Кездесу барысында алғашқы минуттан командалар бірден шабуылға көшті. Бірінші кезеңде олар қаншама мүмкіндікті мүлт жіберіп алды.

Екінші кезеңде 52-минутта «Тобыл» сапынан Урош Милованович қарсылас қақпасын дәл көздеді. Бұл гол қостанайлық клубқа жеңіс алып келді.

Осылайша «Тобыл» қарсыласынан 1:0 есебімен басым түсіп, турнир кестесінде сегіз ұпаймен он екінші орынға көтерілді. Бұл - олардың биылғы біріншіліктегі екінші жеңісі.

Сондай-ақ бүгін өз алаңында елордалық «Астана» Петропавлдың «Қызылжарын» 2:1 есебімен жеңді.

Ал талдықорғандық «Жетісу» Астананың «Жеңісіне» 2:3, семейлік «Елімай» Ақтаудың «Каспийіне» 0:1 есебімен есе жіберсе, тағы бір кездесуде «Оқжетпес» (Көкшетау) - «Атырау» клубтары 0:0 есебіне қанағат білдірді.

Енді екінші ойын күні, 10 мамырда «Ұлытау» (Жезқазған) - «Қайрат» (Алматы), «Алтай» (Өскемен) - «Ордабасы» (Шымкент), «Ақтөбе» - «Қайсар» (Қызылорда) ойнайды.