ҚПЛ: «Тобыл» бүгін өз алаңында «Ордабасыны» қабылдайды

Фото: «Ордабасы» футбол клубы

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің кейінге қалдырылған ІХ-турының соңғы ойыны өтеді.

Бұл кездесуде қостанайлық «Тобыл» мен шымкенттік «Ордабасы» шеберлік байқасады.

Ойын Қазақстан уақытымен 19:00–де басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Аталған турдағы өзге ойындар 17 және 18 мамыр күндері өткізілді. 17 мамырда Көкшетаудың «Оқжетпесі» «Ақтөбеге» 1:3 есебімен есе жіберсе, «Атырау» мен «Жетісу» (Талдықорған) 1:1 есебімен тең түсті.

Сондай-ақ 18 мамырда Жезқазғанның «Ұлытауы» «Астанаға» 0:2 есебімен жеңілсе, Қызылорданың «Қайсары» түркістандық «Тұранды», Семейдің «Елімайы» алматылық «Қайратты» 1:0 есебімен қапы қалдырды.

Ал «Жеңіс» (Астана) мен «Қызылжар» (Петропавл) 0:0 есебімен тең түсті.

Сұрмергендер көшінде Назми Грипши («Астана») 13 голмен көш бастап тұрса, одан кейінгі орындарда Марин Томасов («Астана») пен Дастан Сәтпаев («Қайрат») 11, Дәурен Жұмат («Оқжетпес») 9 голмен келеді.

Еске алсақ, бұдан бұрын «Қайрат» «Жеңісті» 3:1 есебімен жеңіп, турнир кестесінде көш басына шықты.