ҚПЛ: «Тобыл» мен «Ордабасы» кездесуі кейінге шегерілді

Фото: Photo credit: Freepik

АСТАНА. KAZINFORM - Футболдан Қазақстан Премьер-лигасы тоғызыншы турындағы «Тобыл» мен «Ордабасы» кездесуі белгісіз мерзімге кейінге шегерілді.

Бұл жөнінде футболдан Қазақстан кәсіби лигасы мәлім етті.

2025 жылғы 18 мамырға жоспарланған «Тобыл» (Қостанай) мен «Ордабасы» (Шымкент) арасындағы 9-тур матчы кейінге шегерілді. Ол форс-мажорлық жағдайларға байланысты, яғни алдын ала болжау және алдын алу мүмкін болмаған себептерге орай қабылданды. Аталған шешім Қазақстан Премьер-лигасы клубтары арасындағы футбол чемпионатының Регламентінің 6.25-бабының 5-тармағына және 6.32-бабына сәйкес жүзеге асты. Матчтың жаңа күні туралы қосымша хабарланатын болады, деп жазылған хабарламада.

Айта кетсек, «Ордабасы» клубы басшылығы 17 мамырда команда Түркістан қаласынан Қостанай қаласына ауа райының қолайсыздығына байланысты ұша алмағанын мәлімдеген. Осыған байланысты, Қазақстан Премьер-лигасының 9-тур аясындағы «Тобыл» мен «Ордабасы» матчын кейінге шегеру туралы шешім қабылданды.

Еске салсақ, бүгін аталған турда «Ұлытау» (Жезқазған) мен «Астана» ойнаса, «Жеңіс» (Астана) пен «Қызылжар» (Петропавл), «Қайсар» (Қызылорда) мен «Тұран» (Түркістан), «Елімай» (Семей) мен «Қайрат» (Алматы) командалары шеберлік байқасады.

Ал 17 мамырда көкшетаулық «Оқжетпес» өз алаңында «Ақтөбеге» 1:3 есебімен есе жіберсе, «Атырау» мен «Жетісу» (Талдықорған) 1:1 есебіне қанағат білдірді.