Көкшетауда жергілікті «Оқжетпес» командасы «Атырау» командасымен кездесті. Бұл ойында алаң иелері басым ойнады. Бірінші кезең аяқталар тұста Таңат Нөсербаев пенальтиден есеп ашты. Ал 62-минутта Данило Алвес есепті ұлғайтса, алаң иелері қатарынан 86-минутта Санат Жұмаханов қорытынды есепті белгіледі. Осылайша «Оқжетпес» аталмыш қарсыласын 3:0 есебімен тізе бүктірді.
Талдықорғанда «Жетісу» Қостанайдың «Тобылымен» шеберлік байқасты. Бұл кездесуде қостанайлық клуб алғашқы болып есеп ашты. Оны Фернандер Кассай 32-минутта орындады. Кездесуде қостанайлықтар 1:0 есебімен жеңіске жетті. «Тобыл» бдан кейін жеке-дара көш басына шықты.
Дәл қазір Шымкентте жергілікті «Ордабасы» мен Қызылорданың «Қайсар» клубтары арасындағы кездесудің бірінші кезеңі аяқталды. Ойынның 37-минутында Куле Мвомба есеп ашса, 40 минутта шымкенттік Тоқтар Жаңғылышбай таразы басын теңестірді. Есеп әзірге 1:1.
Сондай-ақ, Қарағандыда «Шахтер» клубы мен «Тараз» арасындағы кездесудің де бірінші кезеңі аяқталды. Бұл кездесуде алаң иелері сапынан Оралхан Өміртаев 15-минутта есеп ашты. Бірінші кезеңнен кейін осы есеп сақталып тұр.
Бүгін тағы екі кездесу өткізіледі. Аталмыш турды «Ақтөбе» мен «Ертіс», «Астана» мен «Қайрат» командалары түйіндейді. Бұл кездесулер Нұр-Сұлтан уақытымен 19.00-де басталды.
Ал 17-тур ойындары 5 және 6 шілде күндері күндері өткізіледі. 5 шілдеде «Тобыл» мен «Астана», «Қайрат» пен «Ордабасы», 6 шілдеде «Тараз» бен «Ақтөбе», «Қайсар» мен «Шахтер», «Ертіс» пен «Оқжетпес», «Атырау» мен «Жетісу» командалары кездеседі.