Алғашқы ойын Талдықорған қаласында өткізілді. Жергілікті «Жетісу» Шымкенттің «Ордабасы» командасымен шеберлік байқасты. Кездесу тағдырын 23-минутта «Ордабасы» ойыншысы Абдуллаи Диакате соққан жалғыз гол шешті. Осылайша «Ордабасы» 1:0 есебімен жеңіске жетті.
Тағы бір кездесу Қарағандыда жергілікті «Шахтер» мен Алматының «Қайрат» командалары арасында өткізілді. Бұл кездесуде алматылық клуб ірі есеппен жеңіске жетті. Алдымен 2-минутта «Қайрат» шабуылшысы Мартон Эппель өз командасын алға шығарды. Одан кейін 52-минутта Бауыржан Исламхан есепті үстемелей түсті. Тағы екі голды алматылық шабуылшы Адеринсола Эсеола соқты. Нәтижесінде «Қайрат» сырт алаңда 4:0 есебімен жеңіске жетті.
Тараз қаласында жергілікті «Тараз» Қостанайдың «Тобыл» командасынан 0:5 есебімен ойсырай жеңілді. Есеп 3-минутта ашылды. Оны «Тобыл» ойыншысы Азат Нұрғалиев пенальтиден орындады. Ал қостанайлықтар сапынан 12-минутта Бауыржан Тұрысбек, 23-минутта Сенан Себаи есепті үстемелей түсті. Ал 76-минутта Сенан Себаи бүгінгі кездесудегі екінші голын соқса, кездесу нүктесін 90-минутта қостанайлық Дмитрий Мирошниченко қойды.
Қызылордада «Қайсар» көш соңында келе жатқан «Ақтөбе» командасын қабылдады. Кездесуде «Ақтөбе» шабуылшысы Абат Айымбетов 17,62, 78-минуттарда қос голдың хет-триктің авторы атанды. Оған 84-минутта «Қайсардың» жартылай қорғаушысы Тигран Барсегян бір голмен жауап қайырды. Осылайша «Қайсар» 1:3 есебімен жеңіліп қалды.
Атырауда жергілікті «Атырау» Павлодардың «Ертіс» командасына 0:3 есебімен жол берді. «Ертіс» сапынан Марко Станоевич 5, Жереми Манзоро 92, Патрик Хиди 95-минуттарда гол соқты.
Бұл турдағы «Астана» мен «Оқжетпес» командалары арасындағы кездесу елордалық клубтың Еуропа лигасындағы ойынына байланысты 1 қыркүйектен кейінге қалдырылды.
Енді 26-тур ойындары 15 қыркүйекте өткізіледі. Бұл турда «Ақтөбе» мен «Атырау», «Астана» мен «Шахтер», «Қайрат» пен «Жетісу», «Ордабасы» мен «Қайсар», «Тобыл» мен «Оқжетпес» командалары кездеседі.
Фото: fckairat.com