ҚПЛ: «Тұран» қатарынан сегізінші мәрте жеңіліп қалды
АСТАНА. KAZINFORM — Футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің 16-турындағы алғашқы ойын күні мәресіне жетті.
Бұл күнге белгіленген екінші кездесуде түркістандық «Тұран» өз алаңында Петропавлдың «Қызылжарын» қабылдады.
Түркістандық команда бірінші айналымнан кейін шетелдік ойыншылардан бас тартты. Қазір негізінен қазақстандық футболшыларға сенім артып отыр. Команда құрамына жаңадан ойыншылар қосылды. Сондықтан олар үшін әзірге жеңіске жету мүмкіндік болмай тұр.
Кездесу барысында петропавлдық команда тізгінді өз қолында ұстауға тырысты. Соған қарамастан «Тұран» алғашқы болып есеп ашты. Бұл голды Асылжан Аббас 11-минутта өзінің еншісіне жазды.
Екінші кезеңде петропавлдық клубтан Анатолий Козленко 68-минутта таразы басын теңестірсе, Тоқтар Жаңғылышбай 86-минутта пенальтиден мүлт кеткен жоқ.
Осылайша «Тұран» қарсыласына 1:2 есебімен есе жіберіп, қатарынан сегізінші мәрте жеңілістің ащы дәмін татты.
Айта кетсек, бұдан бұрын бүгін жезқазғандық «Ұлытау» мен Семейдің «Елімайы» 1:1 есебіне қанағат білдірді.
Енді 13 шілдеде «Жеңіс» (Астана) пен «Жетісу» (Талдықорған), «Тобыл» (Қостанай) мен «Оқжетпес» (Көкшетау), «Ордабасы» (Шымкент) мен «Астана» ойнайды.
Бұл турдағы алдын ала өткізілген ойындарда 16 сәуірде алматылық «Қайрат» «Атырауды» 4:0 есебімен жеңсе, 14 мамырда қызылордалық «Қайсар» «Ақтөбеге» 1:2 есебімен есе жіберді.