«ҚПО б.в.» компаниясының БҚО-ның әлеуметтік жобаларына бөлетін қаржысы молая түспек

ОРАЛ. ҚазАқпарат - «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг б.в.» компаниясының БҚО-ның әлеуметтік жобаларына бөлетін қаржысы молая түспек.

Бұл туралы облыс әкімі Алтай Көлгіновтің аталмыш «ҚПО б.в.» операторы, итальяндық Eni компаниясы басшылығымен кездесуінде айтылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

БҚО әкімінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, Eni компаниясы барлау және өндіру жөніндегі бас операциялық директоры Антонио Велла мен атқарушы вице-президенті Лука Виньятимен өткен басқосуда Қарашығанақ жобасын жүзеге асырудың 2017 жылғы өндірістік нәтижелері, сондай-ақ кеніштің санитарлық-қорғау аймағы шекарасының өзгертілуіне байланысты ҚР Үкіметі қаулысына сәйкес Бөрлі ауданындағы Березов пен Бестау ауылдары тұрғындарын көшірудің қорытындылары туралы айтылды.

Инвесторлардың сөзіне қарағанда, «ҚПО б.в.» өткен жылы өнім өндірудің рекордтық көрсеткішіне қол жеткізді, бұл Қазақстан Республикасы мен серіктес компаниялар үшін қосымша табыс табуға мүмкіндік берді.

Тараптар сонымен қатар қазақстандық үлесті көбейту, жобаның кеңейтілуіне байланысты алда тұрған мақсат-міндеттер және басқа мәселелерді талқылады. Мысалы, 2017 жылдың қорытындысына сәйкес тауарлар, жұмыстар мен қызметтер көлеміндегі жергілікті кәсіпорындар қатысы 54 пайызға өсіп, 400 млн АҚШ долларын құрағаны атап өтілді. Тұтастай алғанда, өнімді бөлісу жөніндегі түпкілікті келісімге қол қойылған 1997 жылдан бері «ҚПО б.в.» сатыпалуларындағы жергілікті үлес 6,5 млрд АҚШ долларына жеткен.

БҚО әкімдігінің өтінішіне сәйкес Қарашығанақ акционерлері биылдан бастап өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға құятын жыл сайынғы инвестицияларын ұлғайтпақшы. Eni компаниясы өкілдерінің айтуынша, жиырма жылда бұл мақсатқа 340 млн астам АҚШ доллары бөлінген.

БҚО әкімі Алтай Көлгінов Қарашығанақ жобасын одан әрі жүзеге асыру аясында облыстың атқарушы органдары тарапынан қажетті қолдау көрсетілетінін жеткізді.

«Қарашығанақтың өңір экономикасындағы маңызы зор: тек жобаның өзінде 4 мың қазақстандық қызметкер жұмыс жасайды, одан бөлек кенішті игеруге көптеген отандық мердігерлер мен өнім жеткізушілер қатысуда. Бұл ретте Қазақстанның стратегиялық мүдделерін қамтамасыз ету және қоршаған ортаны қорғау мен өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңдылықты мүлтіксіз сақтау басым бағыт болып қала бермек», деді өңір басшысы.