18:15, 27 Сәуір 2009
ҚР Адам құқықтары жөніндегі өкілі мен Дания Корольдігі Сыртқы істер министрлігінің департамент директоры кездесті
АСТАНА. Сәуірдің 27-сі. ҚазАқпарат – Бүгін Астанада ҚР Адам құқықтары жөніндегі өкілі Асқар Шәкіров Дания Корольдігі Сыртқы істер министрлігінің департамент директоры Рубен Мадсенмен кездесті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат омбудсмен баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
А.Шәкіров Корольдік елшілігі өкілдерін омбудсмен кеңсесі жұмысының ерекшеліктерімен, келушілердің арыз-шағымдарын қарау тәртібімен, халықаралық құқық қорғау конвенциялары мен келісімдерді орындауда мемлекеттік органдар мен азаматтық сектор арасындағы өзара іс-қимыл тәжірибесімен таныстырып өтті. Ол сондай-ақ негізгі мақсаты Еуропа елдері және еуропалық құрылымдармен ынтымақтастықты жан-жақты дамыту болып табылатын, Президенттің «Еуропаға жол» мемлекеттік бағдарламасының маңызын атап өтті. Кездесу барысында тараптар еліміздің 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалығына байланысты, азаматтық қоғамның ойдағыдай жұмыс жасауына жағдай жасау жөніндегі мемлекет қабылдап жатқан шараларды қарады. Адам құқықтарын қорғау, бірлескен жобаларды жасау және оларды жүзеге асыру мақсатында байланыстар орнатуға және оны дамытуға байланысты мәселелер бойынша ынтымақтастықтың қажеттігі туралы ортақ пікірлер білдірілді.