ҚР Әділет министрлігінде авторлық құқықты қорғау мәселесі талқыланды

АСТАНА. 2 наурыз. ҚазАқпарат - ҚР Әділет министрлігінде жазушылар, сәулетшілер, мүсіншілер мен суретшілердің шығармашылық одақтарының қатысуымен авторлық құқық мәселелері бойынша дөңгелек үстел отырысы өтті.

Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметінен хабарлады.

Шараның мақсаты - Зияткерлік меншік құқықтары жөніндегі комитеттің жұмысымен таныстыру, авторлық құқық саласындағы заңнамалардың негізгі ережелерін сондай-ақ, авторлық құқықпен қорғалатын туындыларға құқықты ресімдеу тәртібін түсіндіру болды.

Әңгіме барысында шығармашылық одақтар өкілдері, авторлық келісімшарттардың шарттарын жазу кезінде басылымдармен жиі келіспеушіліктері туындайтынын айтып, қаралып жатқан мәселенің өзектілігін атап өтті. Мәселен, танымал жазушы Әкім Тарази мұндай келісім шарттардың бірізді үлгісін жасау қажеттігін алға тартты.

Дөңгелек үстел отырысының нәтижесінде қатысушылар осы іспетті шараларға жиі қатысып тұруға ниеттерін білдірді.