ҚР АХАЖ органдарына 90 жыл толып отыр
БҚО әділет департаменті азаматтық хал актілерін тіркеу және апостиль қою қызметін ұйымдастыру бөлімінің бастығы Гүлжамал Лұқпанның айтуынша, адам баласы дүниеге келген сәттен өмір жолын АХАЖ органдарынан бастайды. Жаңа адамның тууы осында тіркелсе, оның өміріндегі маңызды сәттері - некеге тұруы, балаларының дүниеге келуі, тіпті өмірінің ақырғы сәті де қайтыс болу туралы акт жазбасымен АХАЖ органдарында тіркеледі. Жылдар жылжып, тарих беті сарғайып, сан алуан тағдыр өткенімен, адамдардың өмір деректері осы жерде сақталады. Міне, бұл АХАЖ органдарының әр адам өмірінде қаншалықты маңызды орын алатынын көрсетеді. Алғаш ірге көтеріп, қаз тұра бастағаннан тәуелсіздік туын көтерген бүгінгі күнімізге дейін өркениетті құқықтық мемлекетке жүктелетін міндетті АХАЖ абыроймен атқарып келеді. Сондықтан, АХАЖ органдарының 90 жылдық тарихы - халық тарихының ажырамас бөлігі.
Өткен жылдар ішінде АХАЖ органдары жүйесінде үлкен өзгерістер болды. 1998 жылдың желтоқсан айында қоғамдағы отбасылық қатынастарды нақты реттейтін, халықаралық талаптарға сай ҚР «Неке және отбасы туралы» жаңа Заң қабылданды. Қазір Парламент Мәжілісінде ҚР «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодекс жобасы қаралуда.
1998 жылы АХАЖ бөлімдері атқарушы органдар жүйесінен әділет басқармасының аумақтық органдарына берілді. Құрылымдық қайта құрылудың нәтижесінде ҚР Әділет министрінің 25.02.2004 ж. №47 бұйрығына сәйкес қалалық АХАЖ бөлімі негізінде - құрамында АХАЖ бөлімі бар Орал қалалық әділет басқармасы, аудандық АХАЖ бөлімдері негізінде - АХАЖ қызметі бар әділет басқармалары құрылды. Қазіргі уақытта АХАЖ органдары осы құрылымда жұмыс істеуде. АХАЖ мекемелеріндегі жұмыс 1998 жылғы 17 желтоқсанда қабылданған «Неке және отбасы туралы» ҚР Заңы мен ҚР Үкіметінің 1999 жылғы 22 мамырдағы №620 қаулысымен бекітілген «Қазақстан Республикасында азаматтық хал актілерін тіркеу тәртібі туралы» Ереже талаптарына сәйкес жүргізіледі.
Әділет органдарының алға қойған негізгі мақсаты азаматтық хал актілерін тіркеуде заңдылықты сақтау, азаматтардың Конституция кепілдік берілген құқығын сақтау және мемлекет мүддесін қорғау болып табылады. АХАЖ органдарында туу, қайтыс болу, неке қию, некені бұзу, бала асырап алу, әке (ана) болуды анықтау, атын, әкесінің атын және тегін өзгерту азаматтық хал актілері тіркелуге жатады.
АХАЖ органдары осы негізгі жұмыстарымен қатар, азаматтық хал актілері жазбаларына өзгерістер, толықтырулар мен түзетулер енгізеді, және оларды қалпына келтіру және жою жұмыстарымен айналысады. Жыл сайын АХАЖ органдарында тіркелетін акт жазбаларының саны өсуде. Мысалы, 2002 жылы БҚО-да 7850 туу тіркелсе, тек өткен жылы өңірде 12181 сәбидің тууы тіркелді. Ал 2002 жылы тіркелген неке қию туралы акт жазбасы 3620 болса, өткен жылы 5394 неке тіркелді.
Қазақстан Республикасының 2007 жылдың алғашқы айынан қолданысқа енген «Сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімдері туралы» заңына сәйкес, туу туралы акт жазбаларын тіркеу кезінде «АХАЖ тіркеу пункті» бағдарламасы бойынша жеке сәйкестендіру нөмірлері туу туралы куәліктерге берілуде.
Мұрағаттық құжаттарды ғылыми-техникалық өңдеу нәтижесінде 1935-2010 жылдар аралығындағы Батыс Қазақстан облысы әділет департаменті АХАЖ мұрағатының қоры сақтау мерзімі 75 жыл болатын 6185 кітапты құрады. 75 жылдан кейін бұл кітаптар мемлекеттік мұрағат қорына тапсырылады. Бұл деректердің азаматтар үшін, олардың балалары және болашақ ұрпақ үшін маңыздылығы өте жоғары.
Азаматтық хал актілерін тіркеуде заңдылықты, азаматтардың конституциялық құқығын сақтап, қорғау - АХАЖ органының міндеті. Осы міндетті аталмыш мекеме қызметкерлері әрқашан абыроймен атқарып келеді. Орал облыстық АХАЖ бөліміне 1971-1985 жылдар аралығында Ермекқали Серікбаев жетекшілік етсе, ал 1986-1997 жылдары Мария Мәшімбаева басқарды. Азаматтық хал актілерін жазу бөлімдерінің жұмысына зор үлес қосқан, ұзақ жыл еңбек етіп, зейнетке шыққандар, сондай-ақ қазір де қатардағы өз ісінің білгірлері аз емес.