ҚР АШМ арам ет тарап жатқаны туралы әлеуметтік желідегі хабарламаға қатысты пікір білдірді

АСТАНА. ҚазАқпарат -  ҚР ауыл шаруашылығы министрлігі WhatsApp мессенджерінде тараған қауіпті ет туралы хабарламаға пікір білдірді.

Соңғы уақытта түрлі әлеуметтік желіде, атап айтқанда, WhatsApp-та белгісіз біреулер мынадай ақпарат таратқан: 

«Сәлем, бауырлар!!!Әзірге ешқандай малдың етін алмаңыздар!!! Суға кеткен жақтардан өлген малдардың етін камаз-камаз тиеп, базарға әкеліп өткізіп жатқанын көргендерден естіп шошып кеттім. Ағайын-туыстарыңызға ескертіңіз!!! Самса алмаңдар, базарда мусырға лақтырған сиыр, түйе, жылқы бас сүйектерін өзбектер жинап алып уксуспен жуып, приправалар қосып самса жасайды. Өтініш. Осыны барлық мұсылман бауырларға таратыңдар, біліп жүрсін», - делінген хабарламада (мәтіннің түпнұсқа орфографиясы сақталған).

Министрліктен бұл хабарламадағы факті расталмағанын мәлім етті.

«Бұдан басқа, сатуға әкелінген ет ветеринарлық-санитарлық сараптамамен тұрақты күнделікті бақылаудан өтеді. ҚР заңнамасына сәйкес ілеспе ветеринарлық құжаттары жоқ ет пен ет өнімдерін сатуға жол берілмейді», - делінген ведомство хабарламасында.