ҚР АШМ: Аурудан өлген малға өтемақы төлеп беру қарастырылуда

АСТАНА. ҚазАқпарат - Атырау облысында нодулярды дерматит ауруынан 130 ірі қара қырылып қалды. Ветеринарлар 1644 бас сиырды емдеп жатыр. Екі ауданда 30 күнге карантин жарияланды, деп хабарлады www.24.kz.

Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл елімізде бұрын-соңды тіркелмеген індет деп отыр. Сондай-ақ оған қарсы вакцина да жоқ көрінеді. Қазір ауруға шалдыққан малға антибиотик берілуде. Қажетті препараттарды алуға және дизинфекциялық шараларға жергілікті бюджеттен 2 млн теңгеге жуық қаражат бөлінді.

Мамандардың пайымынша, індет көрші Ресейден келуі мүмкін. Өйткені дәл осындай эпидемия мамыр айында тіркелген. Ауру қоздырғышын тасушылар - қансорғыш жәндіктер. Абырой болғанда, адамға жұғу қаупі жоқ. Алайда жергілікті тұрғындарды алаңдатқан мәселе бұл емес. Аурудан өлген малдың өтеуі бола ма деп шырылдаған халыққа жағымды ақпар. Министрлік өкілдері қырылған ірі қараның нарықтағы құны есептеліп, иелеріне шығынды толықтай өтеп беру жолдары қарастырылып жатқанын айтады.

 «Жаңадан шыққан ауру болғандықтан, біз қолда бар Қазақстанның аумағында тіркелген аурулардың тізбесіне осы ауруды кіргізіп және осы ауру шыққан кезде малдың иесіне нарықтық бағасын төлеп беруді қарастырып жатырмыз. Ол құжатқа кіргеннен кейін, күшіне енгеннен кейін өлген малдардың барлығы тізімде. Соған байланысты төлем беріледі», - деді ҚР АШМ ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының орынбасары Тұрсын Қабдолданов.