ҚР АШМ Мал шаруашылығы департаментінің директорына қатысты жаңа қылмыстық іс қозғалды

АСТАНА. ҚазАқпарат - 6 ақпанда Астана қалалық қаржы полициясы департаменті ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Мал шаруашылығы департаментінің директоры М. Бақтыбаевқа қатысты заңды кәсіпкерлік қызметке кедергі жасау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.

Бұл туралы ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Оған қызмет бабын пайдаланып, «Мал шаруашылығы және ветеринарияның ғылыми-инновациялық орталығы» ЖШС-ға пайда алып беру үшін басқа кәсіпорынның заңды кәсіпкерлік қызметіне кедергі келтіру арқылы оған 19,5 млн. теңгеге залал келтірді деген күдік келтірілуде.

Еске салсақ, Бақтыбаев 2013 жылғы 30 желтоқсанда мемлекеттік сатып алудың келісімшартына қол қоюға көмектескені үшін «Мал шаруашылығы және ветеринарияның ғылыми-инновациялық орталығы» ЖШС бас директорынан 720 мың теңге пара алу үстінде ұсталған болатын.