ҚР АШМ Павлодар инспекциясының экс-басшысын жауапқа тартылды

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - ҚР АШМ Павлодарлық агроөнеркәсіп кешені аумақтық инспекциясының басшысы бір жылға бас бостандығынан айырылды. Үкімді бүгін Павлодар қылмыстық істер сотының судьясы Балтабай Дөңбекбаев шығарды.

«Константин Федотов ҚР ҚК 189-бабы (3-бөлімі 2-бөлімшесі) және  369 (2-бөлімі) бабына сәйкес айыпты деп танылсын. Ол 1 жылға бас бостандығынан айырылсын», - деді судья.

Бұрынғы шенеунік мемлекеттік қызметте лауазымды қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылды. Мемлекеттік айыптаушы Рустам Байысовтың айтуынша, сотталушы кінәсын мойындады.

Іс материалдарына сәйкес, бюджет қаражатының 213 мың теңгесін жымқырған. Ақша іссапар шығындары есебінен ұрланып, оны бір топ адам - инспекция басшысы, бас бухгалтер мен мекеме бөлімдерінің бірінің басшысы бөліп алған.

«Өзге тұлғалар әрекеттері үшін өкінгендіктен, оларға қатысты іс тоқтатылды. Айыптаушылар мекеме басшысына айыппұл салу жазасын қолдануды сұраған», - деді прокурор.

Үкім заңды күшіне енбеді, оған шағымдануға болады.