ҚР АШМ Ресейдің Омбы облысына жамандат ауруының жұқпасы Қазақстаннан келді деген фактіні жоққа шығарды

АСТАНА. Тамыздың 6-сы. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Ресей Федерациясының Омбы облысынан шыққан жылқының жамандат ауруының жұқпасы Қазақстан аумағынан келді деген фактіні жоққа шығарды.

Бұл туралы бүгін өткен баспасөз мәслихатында ҚР АШМ Агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитеті басқармасының бастығы Ақын Ыспұлаев мәлім етті.

Еске сала кетейік, бұған дейін ресейлік басылымдарда жарияланғандай, тамыздың 2-сі күні Омбы облысы Тюкала ауданына қарасты Бекишево ауылындағы шаруашылықтардың бірінде жамандат (жылқыда болатын сібір жарасы) ауруының жұқпасы анықталды. Жергілікті тұрғын Ыбырай Әйтеновтың жеке шаруашылығында етке сату үшін бірнеше жылқы сойылғаннан кейін келесі күні, қасапшылыққа қатысқан алты адам ауруханаға жеткізілді. Жылқы етінен адамдарға жұққан күйдіргі ауруы зертханалық түрде анықталды. Олардың біреуі ауруханада қаза болды. Қалған бесеуінің жағдайлары әлі күнге дейін ауыр.

«Российская газета» басылымы Ы.Әйтеновке Қазақстаннан мал контрабандасымен айналысты деген күдік келтіріліп отырғандығын айтады. Оның жеке шаруашылығында 500 бас қой, 47 бас жылқы және 63 бас ірі қара мал бар.

Басылым, Омбыда анықталған мал ауруы, жуырда аталмыш жұқпа анықталған Павлодар облысынан келгендігін жазған.

«Сол ақпарат бойынша ҚР АШМ жеке тексеруін жүргізді. Нәтижесінде, біздің ветеринарлық құжаттарымызға сәйкес, Павлодар облысынан Омбы облысына еттің жеткізілу фактісі жоққа шығарылды», - дейді ол.

А.Ыспұлаевтың айтуынша, Павлодардан Омбыға жылқы етін сатуға шығару, біріншіден, экономикалық жағынан тиімсіз. Себебі, онда жылқы етінің бағасы біздегімен салыстырғанда әлдеқайда арзан. Сонымен бірге, ауру шыққан Павлодар облысынан Омбының Тюкала ауданына дейінгі ара қашықтық 600 шақырымды құрайды», - деп атап өтті Ыспұлаев.

Сондай-ақ, оның сөзіне қарағанда, бұл індет бір мемлекеттің аумағынан екінші мемлекетке өтіп кететін аусыл, шешек және басқа да жұқпалар сияқты трансшекаралық санаттағы ауруларға жатпайды. Бұл аурудың алдын алудың бір ғана жолы - оған қарсы вакцинация жүргізу.

«Аталмыш басылымда Ресейдің ауыл шаруашылығындағы қадағалау қызметі (РАШҚҚ) малдарға егуді жүргізбегендігін мойындап отырғандығы туралы жазылған. Тамыздың 2-сінен бастап бүгінгі күнге дейін РАШҚҚ-тың жұқпа бойынша ешбір мәліметтері түскен жоқ. Яғни, ағымдағы жағдай туралы, оның шыққан ошағы, себебі мен оны жою бойынша қолға алынып жатқан шаралар туралы хабар жоқ», - деді ол.

Тексеріс нәтижелері бойынша қазақстандық тараптың қолға алған шараларына тоқталатын болсақ, тамыз айының 6-сынан бастап ҚР АШМ Омбы облысынан Қазақстанға мал өнімдерін жеткізуге шектеулер қойды.

Ал Павлодар облысында бүгінгі күні эпизоотикалық және эпидемиологиялық жағдай тұрақтанды. Бұл аумақтан карантин өткен шілде айының 9-ы күні алынған болатын. Еске сала кетейік, жұқпамен тікелей қатынаста болған 7 адамның 2-уі қайтыс болды.