ҚР аумағында доңыз тұмауы пайда болуына және таралуына жол бермеу жөніндегі ұсыныстарды әзірлеу үшін жұмыс тобының отырысы өтті

АСТАНА. Сәуірдің 30-ы. ҚазАқпарат – Бүгін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Серік Ахметовтің төрағалығымен Қазақстан аумағында доңыз тұмауы пайда болуына және таралуына жол бермеу үшін ұсыныстар қабылдау жөніндегі жұмыс тобының алғашқы отырысы өтті.

Онда денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, төтенше жағдайлар, индустрия және сауда, білім және ғылым, қаржы министрліктерінің басшылары тыңдалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметтері бойынша республикада 30 мың сырқатқа арналған вирусқа қарсы «Тами-флю» препаратының қоры жасалған. Республикада тұмауға қарсы жаппай иммундеу жүргізілді, 500 мың адам егілді. Республикалық санитарлық-эпидемиологиялық стансы зертханасы аса қауіпті жұқпалы ауруларды сынамадан өткізуге әзір. Тұрғындар мен жолаушылар үшін доңыз тұмауының алдын алу шаралары туралы жадынама жасалып, таратылды. Ауыл шаруашылығы министрлігі әлемнің 11 елінен шошқа етін импорттауға тыйым салды. Білім және ғылым министрлігі доңыз тұмауына қарсы вакцина жасауға әзір.Отырыс қорытындысы бойынша С.Ахметов мемлекеттік органдарға доңыз тұмауы бойынша іс-қимыл шараларын пысықтау жөнінде нақты тапсырмалар берді.Жұмыс тобының келесі отырысы мамырдың 7-сінде өтеді.