ҚР Ауыл шаруашылығы министрі ауданның көктемгі егіске әзірлігімен танысты

КӨКШЕТАУ. Сәуірдің 30-ы.ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ - Ақмола облысына қарасты Астрахан ауданында іс сапармен болған ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев өңірдегі көктемгі дала жұмыстарына әзірлік барысымен танысып,

Елбасының «Дағдарыс арқылы жаңару мен дамуға» атты Қазақстан халқына Жолдауы аясында пікір алмасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.Министр мырза аймақта «Астананың азық-түлік белдеуі» бағдарламасын жүзеге асыру аясында «Камышенка» және «Гранит-Петровка» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің тауарлы-сүт фермаларында, «Қыпшақ» серіктестігінің бордақылау алаңында болып, ондағы жұмыстармен танысты. Сондай-ақ А. Күрішбаев Новочеркасское ауылында «Ақнұр-А» кәсіпорнының сүт зауытын қайта жарақтау іс-шараларына, Өндіріс ауылының инфрақұрылымына назар аударды. Аудан орталығындағы «Болашақ» несиелік серіктестігінің шаруа қожалықтарына несие беру жайынан хабардар етілді. Жеке мәселелер бойынша министрдің қабылдауында болған жұртшылық көңілдерінде жүрген сауалдарына нақтылы жауап алды. Іс сапар соңында аудан активінің жиналысына қатысқан Ауыл шаруашылығы министрі Елбасының Жолдауын іске асыруға бағытталған шаралар, ондағы басым бағыттар, алдағы көктемгі егісті агротехникалық талаптарға сай жүзеге асыру жайында әңгіме өрбітті.