ҚР азаматтарын бюджет қаражаттары есебінен шетелге емделуге жіберу ережелеріне өзгерістер енгізілді

ТАНА. 12 қыркүйек. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Үкіметі «Қазақстан Республикасы азаматтарын бюджет қаражаты есебінен шетелге емделуге жіберу ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 4 желтоқсандағы №2016 қаулысына өзгеріс енгізу туралы» қаулыға қол қойды.

Бұл қаулы республика азаматтарын бюджет қаражаты есебінен шетел медициналық ұйымдарына емделуге жіберу тәртібін және жағдайларын реттейді, деп хабарлады ҚР Денсаулық сақтау министрлігініің баспасөз қызметі.

Қаулыда Қазақстан азаматтары бюджет қаражаты есебінен шетелге емделуге жіберілуге тиіс аурулар тізбесі белгіленді және кеңейтілді, сондай-ақ бюджет қаражаты есебінен шетелге емделуге жіберілетін республиканың жеке санаттағы азаматтарының тізбесі енгізілді.

Айғақтары болған және республиканың денсаулық сақтау ұйымдарында диагностика мен емдеудің қолдануға рұқсат етілген барлық әдістері пайдаланылған, бірақ емнің оң нәтижесі болмаған жаңа туған сәбилер мен 18 жасқа дейінгі балалар, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің, ҚР Премьер-Министрінің тапсырмасы бойынша ерекше жағдайларда қызметтік міндеттерді атқару кезінде ауыр жарақат алған және мертіккен еліміздің денсаулық сақтау ұйымдарында диагностика мен емдеудің қолдануға рұқсат етілген барлық әдістері пайдаланылған, бірақ емнің оң нәтижесі болмаған құқық қорғау органдарының қызметкерлері, республика Қарулы Күштерінің әскери қызметшілері тізбеге енгізілді.

Одан басқа, медицина қызметкерлерінің сүйемелдеуімен шетел медициналық ұйымдарында қиын жағдайда жатқан қазақстандық азаматтарды Қазақстан Республикасына жеткізу жөнінде тармақ енгізілді.