ҚР Бағалаушылардың республикалық палатасы жанынан арнайы сот құру жоспарланған - палата төрағасы В.Елисеев

None
АСТАНА. Қыркүйектің 13-і. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Алдағы уақытта ҚР Бағалаушылардың республикалық палатасы жанынан арнайы сот құру жоспарланып отыр. Бұл туралы бүгін елордада өткен баспасөз мәслихатында ҚР Бағалаушылардың республикалық палатасының төрағасы Вилен Елисеев мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның хабарлауынша, Астана қаласында өткен бағалаушылардың III халықаралық конгресінде ҚР Бағалаушылардың республикалық палатасының жанынан арнайы сот құру туралы шешім қабылданған болатын. «Заңға сәйкес, бұл соттың шешімі орындалуы міндет. Сондай-ақ осы сот шығарған шешімдердің кәдімгі соттарда да заңды күші бар. Дегенмен, оған дейін әлі жету керек», - дейді В.Елисеев.

Палата төрағасы атап көрсеткендей, бүгінгі таңда тапсырыс беруші мен бағалаушы мамандардың арасындағы дау-дамайларды палата жанындағы арнайы сарапшылар кеңесі шешіп келеді. «Егер бағалаушы маманның жасаған есебі бұрыс деп табылса, барлық шығынды ол өз мойнына алады. Сондай-ақ оған қатысты 70 мың теңгеден басталатын айыппұлдан - қызметтік куәліктен айырылуға дейінгі жаза қолданылады. Қазіргі кезде 3 адамның ісі қаралуда», - деді В.Елисеев.