Онлайн және офлайн түрінде өткен халықаралық конференция жұмысына Германия, Түркия, Ресей, Беларусь, Өзбекстан, Латвия, Украина, Тәжікстан елінің ең мықты онколог-дәрігерлері қатысты.
Шараға сондай-ақ Астана және Алматы қалаларындағы екі республикалық ғылыми орталықтың балалар онкологиясы мен гематология саласының мамандары, облыстық онкологтар мен гематологтар, үкіметтік емес ұйымдар мен ата-аналар қауымдастығының өкілдері, барлығы 500-ден астам адам қатысты.
Конференцияның басты мақсаты — балалар онкологиясы және гематологиясы саласындағы өзекті мәселелерді талқылау, халықаралық және аймақаралық байланысты дамыту, шетелдік мамандармен тәжірибе алмасу, қоғамға бұл аурулардың көптеген түрінің емделетінін жеткізу, ерте қаралып, анықталып тұру қажет екендігін ескерту.
«Балалардың қатерлі дертке шалдығуы қоғам үшін үлкен трагедия. Сондықтан 30 жыл бұрын Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының базасында «КЭР-Германия» қайырымдылық қоғамының белсенді көмегімен Республикалық балалар онкогематологиялық орталығын ұйымдастыру туралы шешім қабылданды. Көп жыл бойы мемлекет тарапынан онкогематологиялық аурулары бар балаларға көмек көрсету мәселелеріне баса көңіл бөлініп келеді. Онкологиялық және гематологиялық аурулары бар балалар диагностика мен емдеудің клиникалық хаттамаларына сәйкес барлық дәрілік заттармен, оның ішінде амбулаториялық кезеңде республикалық бюджет есебінен қамтамасыз етіледі. Астана қаласындағы Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығында онкология және гематология бөлімшелері ашылды. Гемопоэздік дің жасушаларын транспланттау технологиялары сәтті енгізілді, ҚР-да балалар онкологиялық және гематологиялық көмегін жетілдіру бойынша жол карталары әзірленіп, іске асырылды. Биыл онкологиялық аурулармен күрес бойынша кешенді іс-шаралар жоспары әзірленді. Сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігі ерте диагностика, мамандандырылған емдеуді жетілдіру, жоғары технологиялық қызметтер спектрін кеңейту, кадрлық әлеуетті жетілдіру және ғылымды дамыту жөніндегі іс-шараларды іске асыруды көздеп отыр», – деді денсаулық сақтау вице-министрі Вячеслав Дудник.
Республикалық балалар онкогематологиялық орталығының ашылуымен елімізде балалар онкогематологиялық қызметінің жаңа деңгейі басталды. Осы тарихи 30 жыл ішінде айтарлықтай жетістіктерге қол жетті. Атап айтқанда, диагностиканың заманауи әдістері жолға қойылды, бағдарламалық химиотерапия және трансплантациялау технологиялары, әртүрлі онкогематологиялық аурулары бар пациенттерді оңалту және психологиялық қолдау шаралары енгізілді. Профессор Күлян Омарованың жетекшілігімен балалар онкологтары мен гематологтарының отандық ғылыми мектебі құрылды, онда жүздеген онкогематолог мамандары даярланды. Қазіргі кезде олар еліміздің барлық өңірінде және шетелде де жұмыс істейді. Бүгінде қатерлі дертке шалдыққан балалар мектепте, университетте оқуын аяқтауға мүмкіндік алды, маман иесі, табысты адам болды. Біздің алғашқы емделушілеріміз қазіргі таңда ата-ана атанып, толыққанды қоғамымыздың мүшелері болып отыр. Оның бірқатары бүгінгі шараға арнайы келіп отыр», – деп атап өтті «Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы» АҚ Басқарма төрағасы А.Құсайынов.
Форум алаңында балалардың қатерлі ісігін, қан ауруларын емдеу саласындағы өзекті тақырыптардың кең ауқымы, балалық шақтағы онкологиялық және гематологиялық ауруларды диагностикалау мен емдеудегі заманауи тәсілдер, балалар онкологиясы мен гематологиясындағы хирургияның заманауи мүмкіндіктері, онкогематологиялық қызметті ұйымдастыру және балалар онкологиясы мен гематологиясы саласындағы өзекті мәселелер талқыланды.
Конференция барысында Қазақстандағы балалар онкогематологиялық қызметінің ашылуы мен дамуына өлшеусіз үлес қосқан дәрігерлер Алғыс хаттармен марапатталды.
Бүгінгі таңда Педиатрия орталығында балалардағы барлық қатерлі ісіктерді емдеу жүзеге асырылуда, көрсетілетін медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасы жақсарды, мемлекет қызметті қаржыландыруды толық көлемде жүзеге асырады. 2012 жылы балаларға гемопоэздіктің жасушаларын трансплантациялау (ГДЖТ) енгізілді, бүгінде трансплантацияның барлық түрлері жүргізіледі. Осы уақытқа дейін 177 ГДЖТ жасалды.