ҚР Бас прократурасы сайлау барысында заңдылықты бұлжытпай сақтауға шақырады

АСТАНА. 4 наурыз. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы барлық азаматтарды, заңды тұлғалар мен бұқаралық ақпарат құралдарды сайлау барысында заңдылықты бұлжытпай сақтау шақырады.

ҚазАқпарат оқырмандар назарына Үндеудің толық мәтінін ұсынады.

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының үндеуі

Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 4 ақпандағы №1149 Жарлығымен Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы 2011 жылдың 3 сәуіріне тағайындалды.

Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комис­сия­сының 2011 жылғы 4 ақпандағы № 16/22 қаулы­сы­мен Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспары бекітілді.

Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидаттарды тіркеуді аяқтады.

«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы­ның (әрі қарай - Конституциялық заң) 27-бабының 2-тармағына сәйкес 2011 жылдың 3 наурызы мен 1 сәуірі аралығында Қазақстан Республикасының Президенттiгіне кандидаттар сайлау алдындағы үгiт жүргізуді жүзеге асырады. Бұл ретте сайлау ал­дын­дағы үгіт - сайлаушылардың белгiлi бiр кан­ди­датты жақтап немесе қарсы дауыс беруге қатысуына түрткi болу мақсатындағы қызмет (Конституциялық заңның 27-бабының 1-тармағы).

Конституциялық заңның 27-бабының 3-тар­ма­ғы­на сай сайлау алдындағы үгіт баспа, дыбыс-бейне және өзге де үгiт материалдарын шығару және (немесе) тарату жолымен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жүзеге асырыла алады. Сондай-ақ, сайлау алдындағы үгіт заңнамамен белгіленген тәртіпте және Конституциялық заңда тыйым салынбаған жария iс-шаралар арқылы (жиналыстар және сай­лау­шы­лармен кездесулердi, жария пікірталастар мен пiкiр алысуларды, митингiлердi, шерулердi, демон­стра­цияларды және басқа жария іс-шараларды) жүзеге асырылуы мүмкін.

Бейбiт жиналыстар, митингiлер, шерулер мен демонстрациялар ұйымдастыру мен өткiзу тәртiбi «Қазақстан Республикасында бейбiт жиналыстар, ми­тингiлер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар ұйымдастыру мен өткiзу тәртiбi туралы» Қазақ­стан Республикасының Заңымен реттеледі.

Аталған заңға сәйкес Конституциялық заңның 27-бабының 3-тармағының 2-тармақшасында көрсе­тіл­ген жабық емес орындарда өткізілетін сайлау ал­дындағы жария iс-шаралар жергілікті атқарушы ор­гандарын алдын ала ескерту және олардың рұқсатын алу арқылы арнайы бөлінген орындарда қоғамдық тәртіп пен халықтың тіршілігін қамтамасыз ету нысан­дарының қалыпты жұмысын бұзуды болдыр­мау­ға бағытталған шараларды қолдана отырып, жү­зеге асырылуы тиіс.

Конституциялық заңның 27-бабының 9-тарма­ғы­на сәйкес сайлау алдындағы үгітті жүргізу кезеңінде сайлау алдындағы жөнсiз үгіттi жүргiзуге тыйым са­лынатынын атап көрсетеміз.

Сайлау науқаны үшін арнайы әзірленген баспа материалдарын, соның ішінде, безендірілген мате­риалдарды, сондай-ақ омырауға тағатын белгілерді, жа­лауларды, жалаушаларды тегін таратуды қос­па­ған­да, сайлаушыларға тегiн немесе жеңiлдiк шарт­та­ры­мен тауарлар, бағалы қағаздар беріп, қызметтер көр­сету, сондай-ақ лотереялар, қайырымдылық акцияла­рын өткiзу, ақша төлеу не осындайларға уәде беру арқылы сайлау алдындағы үгiттi жүргiзу сайлау алдындағы жөнсiз үгіт болып саналады.

Сайлау жарияланған (тағайындалған) кезден бастап, кандидаттарға, сондай-ақ олардың атынан немесе оларды қолдап кeз келген жеке және заңды тұлғаларға, ойын-сауық және спорт­тық iс-шара­ларын ұйымдастыруды қоспағанда, қайырым­ды­лық iс-шараларын өткiзуге тыйым салынады.

Конституциялық заңға және «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстар, митингiлер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар ұйымдастыру мен өткiзу тәртiбi туралы» Қазақстан Республикасының Заңына (9-бап) сәйкес сайлау алдындағы үгітті немесе жария iс-шаралардың шарттарын бұзу кінәлі адамдарды заңда белгіленген жауапкершілікке тартуға әкеп соғады.

Жоғарыда көрсетілген заңнама нор­маларын түсіндіре отырып, Бас прокуратура барлық азаматтарды, заңды тұлғалар мен бұқаралық ақпарат құралдарын сайлау процесі барысында, соның ішінде, сайлау ал­дындағы үгітті немесе жария iс-шараларды заңсыз жүзеге асыруға жол бермеу тұр­ғысында заңдылықты бұлжытпай сақтауға ша­қырады.