ҚР Бас прокуратурасы АҚШ-та сотталған Д.Қадырбаев пен Ә.Әбдіғаппарованы елге қайтару бастамасын көтерді

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Бас прокуратурасы АҚШ-та сотталған Д.Қадырбаев пен Ә.Әбдіғаппарованы елге қайтару бастамасын көтерді. Бұл туралы ҚР Бас прокурорының бірінші орынбасары Иоган Меркель мәлім етті.

"2015 жылдың 6 желтоқсанынан Қазақстан Республикасы Америка Құрама Штаттары тәрізді Қылмыстық жазаны шетелде өтеу туралы

америкааралық конвенцияның (Манагуа қ., 1993 жылғы 9 маусым) қатысушысы болып табылады. Осыған байланысты АҚШ-тың уәкілетті органының алдына Д.Қадырбаев пен А. Әбдіғаппарованы Қазақстанға беру(тапсыру) туралы мәселе (сотталғандардың жақын туыстарынан түскен өтініштері негізінде) қойылған", - деді ол.

Америка Құрама Штаттарының Массачусетс штатының Федералдық сотының 2015 жылғы маусымдағы шешімімен Диас Қадырбаев АҚШ Заңдары кодексінің 18-тарауының 371§ (Құрама Штаттарын алдауға немесе қарсы қылмыс жасауға бағытталған сөз байласу), 1519§ (федералдық тергеудегі жазбаларды жою мен фальсификация) бойынша кінәлі деп танылып, оған 72 ай мерзімінде түрмеге қамау және орташа ұстау объектісінде жазасын өтеу түрінде жаза тағайындалған. Осы шешіммен Қадырбаевқа 200 мың АҚШ доллары көлемінде айыппұл салынған.

"Әсел Әбдіғапбарова кісі өлтіруге қатысқаны үшін Техас штатында 28 жылға түрмеге қамау түріндегі жазасын өтеуде. Қазіргі уақытта бұл ұсыныстар америкалық тараптың қарауында жатыр және оның жауабы осы уақытқа дейін түскен жоқ. Сонымен қатар Бостон терактісі бойынша сотталған Азамат Тажаяқов немесе оның туысқандары Қазақстанға ауыстыру жөнінде арызбен жүгінбеген. А.Тажаяқовты ауыстыру туралы сәйкесінше өтініш келіп түскенде бұл мәселе халықаралық және Қазақстан Республикасының ұлттық заңнамасына сәйкес қарастырылатын болады",- деді И.Меркель.