ҚР Бас прокуратурасы болашақ заңгерлерді мемлекеттік тілге кәсіби деңгейде үйретуді ұсынады

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Бас прокуратурасы жоғары оқу орындарына болашақ заңгерлерді мемлекеттік тілде кәсіби тұрғыда сөйлеуге үйретуді ұсынды.

Мұндай ұсынысты бүгін Бас прокуратура жанындағы заңдылықты қамтамасыз ету бойынша қоғамдық кеңестің отырысында ҚР БП кадр ісі департаментінің басшысы Роза Досымбекова айтты.

«Бүгінде жоо-ларда қазақ тілінен мемлекеттік емтихан алынатынын білеміз, дегенмен олар мектеп деңгейінде ғана өтеді. Бірақ біз ҚазГЗУ-мен сөйлесіп, онда студенттерді мемлекеттік тілде кәсіби түрде үйретуді ұсындық. Студенттер қазақ тілінен мемлекеттік емтихан кәсіби түрде өтіп келсе, біз олардың біліктілігін одан әрі көтереміз. Ағылшын тілі туралы да осыны айтуға болады. Бізде қазір қазақша және ағылшынша кәсіби деңгейде сөйлейтін мамандар өте тапшы. Ал егер студенттерге бірінші курстан бастап осы тілдер кәсіби түрде үйретілсе, олар бізге жұмысқа тұрғанда оңайырақ болады», - деді ол. Р.Досымбекованың айтуынша, бүгінде «кәсіби тілдік ортаға кірігу» атты инновациялық жоба әзірленіп, «Прокурор энциклопедиясы» атты сөздік шығарылды.