ҚР Бас прокуратурасы қылмыстық-процессуалдық кодекстің жаңа редакциясын таныстырды

АСТАНА. 26 маусым. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Бас прокурорының орынбасары Иоганн Меркельдің төрағалығымен өткен қоғамдық кеңестің отырысында еліміздің қылмыстық-процессуалдық кодексінің жаңа редакциясы таныстырылды.

Қазақ гуманитарлық заң университетінің ректоры Марат Қоғамовтың атап өтуінше, аталған кодекстің тиісті тұжырымдамасы да әзірленген. Онда қылмыстық процесс тәжірибесіне енгізу жоспарланып отырған 10-нан астам елеулі жаңалық бар.

«Бұл тергеушінің, прокурордың, соттың жұмысына қатысты. Бұл реттегі саясат істің барынша шұғыл арада тергеліп, ашылуы және сотқа жіберілуі  аясында тоғысады», - деді ол.

Ректордың сөзіне қарағанда, кодекстің жаңа редакциясында бірқатар дәстүрлі институттар алынатын болады. Мәселен, тергеу алды тексеру шаралары болмайды, қылмыс туралы арыз түскен беттен-ақ тергеу амалдары басталады.  Прокурордың өкілеттілігіне барынша басымдық беріліп, қылмыстық істің соттың алдына жылдам жетуі соған тәуелді болады.   

«Белгілі бір бақылаудың болуы үшін тергеу соттары институты да енгізіледі. Олар сотқа дейінгі аралықта туындайтын барлық мәселелерді шешетін болады. Сот қызметінің кепілдік деңгейі де күшейтіледі. Өйткені сот процестерін мұндай жедел тергеу нәтижесінде ол барынша тұрақты әрі ашық болады», - деді М.Қоғамов.