ҚР Бас прокуратурасы «мәміле тазалығын» тексеру тетігін енгізуді ұсынады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Еліміздің Бас прокуроры Жақын Асанов Қазақстанда «мәміле тазалығын» тексеру тетігін енгізуді ұсынды. Ол бұл ұсынысын ҚР Жоғарғы сотында өткен әділдікті қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі дөңгелек үстел барысында жасады.

Оның атап өтуінше, бүгінгі күні елімізде  «мәміле тазалығын» тексеру тетігі жоқ. Сондықтан сатып алушы мүліктің тарихын білу мүмкіншілігінен айырылып отыр.

«Оның мұндай мүмкіншілігі жоқ. Ол ақшасын төлейді, барлық қажетті процедураларды мүлтіксіз орындайды, мемлекетке толықтай сенеді. Нотариус болса тек мүліктің меншік иесін тексереді. Сатып алушыда қалған мәселелерді анықтауға құқығы да, мүмкіншілігі де жоқ. Мүлік даулы емес пе, оның қазіргі қожайыны кім, бұл үй қалай сатылды - мұның барлығын да шындап келгенде ол тексеруге міндетті емес», - деп атап өтті Ж.Асанов.

Бас прокурордың сөзіне қарағанда, дамыған елдерде өкілетті құрылымдар мүліктің барлық мән-жайын тексеріп шығады.

«Егер сатып алу процессінде заңсыз фактілер немесе жалған мәліметтер анықталатын болса, онда мәмілені куәландырған не тіркеген тұлға жауапкершілікке тартылады»,-  деді ол.

Осы орайда Ж.Асанов Қазақстанға да осындай тетік қажет екендігін баса айтты. «Мәміле тазалығын» тексеруді риелторларға, адвокаттарға немесе нотариустерге жүктеуге болады. Егер біз  жауапкершілікті нотариусқа жүктер болсақ, онда оған ақпараттық базаға қол жеткізу мүмкіншілігін беруіміз қажет. Ол мәселен бұған дейінгі барлық мәмілелерде қарауға, сатушының құқықты екендігіне көз жеткізуі тиіс. Осындай тетік енгізер болсақ ол алаяқтардың қызметіне тосқауыл болады», - деді Бас прокурор.

Мұнан бөлек ол сақтандыру сомасын арттыру, материалдық жауапкершілікті нақты белгілеу қажеттіген баса назар аударды.

«Ресейде егер біреу нотариустың қателігінен мүлкінен айырылатын болса, онда сақтандыру компаниясы оған 5 млн. рубль, теңгемен 25 миллион теңге төлейді. Ал бізде бұл сомасы 12 есе төмен, 2 млн. теңге ғана. Бұл ақшаға жатақханадан бөлме де сатып ала алмайсың», - деді Ж.Асанов.