Бұл туралы бүгін Алматыда өткен «Қазақстандық БАҚ және тұлғаның еркіндігі мен құқығын қорғау» атты ғылыми-тәжірибелік конференция барысында ҚР Бас прокуроры баспасөз хатшысының аға көмекшісі Нариман Бекназаров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мониторинг барысында барлық басылымдар, интернет-ресурстар, телеарналардағы жаңалықтар қаралады. Олардың негізінде ақпараттық жаршы жасалады. Оған күндегі негізгі жаңалықтар, түрлі органдар мен олардың қызметкерлерінің жұмысы, азаматтардың құқықтары мен еркіндігін шектеуге арналған ақпараттар енгізіледі», дейді Н.Бекназаров.
Оның айтуынша, баспасөз қызметі ҚР Бас прокуратурасының құрылымдық бөлімі ретінде азаматтардың құқығы мен еркіндігін шектеуге байланысты заңсыз әрекеттерге дер кезінде жедел шаралар қабылдауға ықпал етеді. «БАҚ-ындағы жарияланымдар Бас прокуратура мен оның құрылымдық бөлімдерінің басшыларына жеткізіледі. Одан әрі тиісті шешімдер қабылдану үшін жіберіледі. Бұның негізінде арнайы бақылау карталары жүргізіліп, орындалуы қадағаланады. Осы бағыт бойынша баспасөз қызметі БАҚ-ында жарияланған азаматтардың құқығы мен еркіндігінің бұзылуына арналған материалдар бойынша заңсыздықтың алдын алуға ұмтылады», дейді Бас прокуратура өкілі.