ҚР Бас прокуратурасы сайлау заңнамасын сақтамаған жағдайдағы БАҚ жауапкершілігін атады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясында сайлау заңнамасын сақтау мәселелеріне арналған семинар өтуде.

«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР Кодексінің 11-ші бөлімінде сайлау процесі кезеңінде жасалуы мүмкін бірқатар заң бұзушылықтар қарастырылған. Шамамен 15 бап сайлауалды үгіт-насихат мәселеріне, ал 112-ші бап бұқаралық ақпарат құралдарына арналған», - деді семинар барысында ҚР Бас прокуратурасының ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков.

Оның атап өтуінше, аталған баптың бірінде кандидаттың сайлауалды мақсатын, міндеттері мен нәтижелерін шынайы көрсетпегені үшін жауапкершілік қарастырылған.

Екінші бөлімінде кандидаттың абройына, іскерлігіне нұсқан келтіретін үгіт-насихат материалдарын жариялағаны, сонымен қатар аталған тұлғаның абыройына нұқсан келтіретін ақпаратты теріске шығару туралы тегін ақпаратты жариялаудан бас тартқаны үшін жауапкершілік көзделеді.

«Бұл талаптарды бұзу әкімшілік құқық бұзушылықтың жеке құрамы ретінде қарастырылған. Бұған қоса, кандидаттың телеарнадан және радиодан сөз сөйлеуінен, сондай-ақ баспа басылымдарында жарияланғаннан кейін бірден оған пікір беру аталған баптың үшінші бөлігінде құқық бұзушылықты туындатады»,- деді Бас прокуратура өкілі.

Оның сөзіне қарағанда, барлық кандидаттарға теңдей эфирлік уақыт бөлу, тең баспа табақ көлемінде бет беру талаптарын орындамау да заң бұзушылық болып табылады.