«Біз Парламентке елеулі зиян мен ауыр салдарға әкелуі мүмкін жалған ақпаратты таратқандарға қылмыстық жауапкершілікті күшейту жөнінде ұсыныстар енгіздік. Осыған байланысты Бас прокуратура азаматтарға, БАҚ өкілдеріне шындыққа сәйкес келмейтін ақпаратты таратудан бас тарта отырып, бұл мәселелерге неғұрлым жауапкершілікпен қарау туралы өтініш жасайды», - деді ресми өкіл.
Айта кетейік, соңғы күндері әр түрлі коммуникация құралдары арқылы (әлеуметтік желілерді қоса алғанда интернет-хабарламалар, СМС) «Центр Кредит» Банкі, «Каспий Банкі» және «Альянс банкінің» банкрот болу мүмкіндігі туралы ақпарат тарала бастағаны мәлім.
Осы орайда бүгінге дейін банктердің қаржылық ахуалы туралы жалған ақпараттың алғаш таратылуына қатысы бар бірнеше адам анықталып, ұсталды. Ол адамдар істегендерін мойындап, тиісті түрде жауап беруде және мұндай әрекеттерге баруларының жай-жапсары жайында егжей-тегжейлі баяндап берді. Олардың арасында алматылық заң компанияларының бірінің қызметкерлері мен банк заңгері бар көрінеді. «Олардың жауаптары басқа анықталған және ұсталған адамдардың түсініктемелері сияқты мұқият тексерілуде», - деді Н. Сүйіндіков.
Белгілі болғандай, істің мән-жайына қарай әкімшілік және қылмыстық жауапкерлшілік туралы мәселе шешілетін болады.