ҚР Бас прокуратурасы жанындағы Заңдылықты қамтамасыз ету мәселелері бойынша қоғамдық кеңестің бірінші отырысы өтті

Фото: None
АСТАНА. Ақпанның 8-і. ҚазАқпарат - Бүгін еліміздің Бас прокурорының бірінші орынбасары Иоган Меркельдің төрағалығымен ҚР Бас прокуратурасы жанындағы Заңдылықты қамтамасыз ету мәселелері бойынша қоғамдық кеңестің бірінші отырысы өтті.

Бұл ақпаратты аталған ведомствоның баспасөз қызметі таратып отыр.

Алқалы жиында прокуратура органдарының тарапынан қылмыстық іс-жүргізуде азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталған іс-шаралар туралы сөз қозғалды. Аталған мәселе бойынша Бас прокуратураның департамент бастығы К.Ноғайбеков баяндама жасады. «Ол жыл сайын прокурорлар тарапынан азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарының бұзылу деректері анықталып, олар бойынша заңмен белгіленген шаралар қабылданатындығын атап өтті. Мәселен, өткен жылы қылмыстық процесте азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын бұзу деректері бойынша 58 қылмыстық іс қозғалып, олардың 33-і сотқа жолданды», делінген баспасөз хабарламасында.

Баспасөз қызметінің таратқан ақпаратына сәйкес, Қоғамдық кеңестің мүшелері қылмыстық қудалау саласын қоса алғанда, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау келешекте де прокуратура органдарының негізгі басымдығы болып қалуы тиіс екеніндігін атап өткен. Сонымен қатар, отырысқа катысушылар прокуратураның құқық қорғау қызметін жетілдіру және оларды жүзеге асыру туралы бірқатар ұсыныстар білдірген.

Жиын барысында Кеңес мүшелері қоғамдық құрылымның жұмысын ұйымдастыру мәселесі бойынша және алдында тұрған жоспарлары жөнінде өз көзқарастарымен бөліскен.

«Қорытындысында, Кеңес төрағасы Иоган Меркель азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарының сақталуын қамтамасыз ету прокуратура органдарының басым бағыттарының бірі болып табылады деп атап көрсетті. Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын бұзу туралы әрбір дерек төтенше оқиға болып есептеліп, кінәлілерге қатысты қатаң жаза қолданылады», деп анықтай түседі баспасөз қызметі.

Кеңес отырысына «Нұр Отан» ХДП-ның, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, Парламент депутаттары, белгілі заңгер-ғалымдар қатысты.

Соңғы жаңалықтар