ҚР Бас Прокуроры Чехияның Әділет министрлігі басшылығымен кездесті
11:20, 09 Наурыз 2013
АСТАНА. 9 наурыз. ҚазАқпарат - Бас Прокурор Асхат Дауылбаевтың Чех Республикасына сапары барысында Чехия Әділет министрлігінің басшылығымен кездесуі өтті, деп хабарлады ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметінен.
Осы сапардың қалыптасқан жемісті қатынастарды әрі қарай дамытуда қол жеткізілген нәтижелердің көрінісі болып табылатыны атап өтілді.
Кездесу барысында күн тәртібінде белгіленген өзекті мәселелер бойынша мүдделі сұхбаттасу және ой-пікірлермен алмасу орын алды. Сұхбаттың маңызды тақырыбы Қазақстан мен Чехия арасындағы шарттық-құқықтық базаны кеңейту мәселелеріне қатысты болды. Чехия тарапы жақын арада Қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек көрсету туралы мемлекетаралық шартқа қол қоюға дайын екендіктерін мәлімдеді.
Қазақстанның Бас Прокуроры екі мемлекеттің трансұлттық қылмыстарға қарсы әрекет етудегі күш-жігердің одан әрі нығаюын қамтамасыз етуге бағытталған осы құжатқа қол қойылудың маңыздылығын атап көрсетті.