ҚР Бас прокуроры Қайрат Мәми Алматы қаласы прокуратурасында қызмет атқарған ардагерлерге жаңа үлгідегі генерал формасын табыстады

АЛМАТЫ. 10 желтоқсан. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Бүгін ҚР Бас прокуроры Қайрат Мәми Алматы қаласы прокурорларымен кездесіп, 15 ардагерге жаңа үлгідегі генерал формаларын тапсырды.

Қайрат Мәми жақында ғана прокуратура органдарының мерекесі атап өтілгендігін айта келе, еліміз Егемендік алғаннан бастап мемлекетіміздің нақты бір құрылымы ретінде прокуратура органдары қызмет атқарып келе жатқандығын айтып өтті. «Осы жылы прокурорлар мерекесі ЕҚЫҰ Саммитімен, яғни еліміз үшін өте маңызды оқиғамен сәйкес келді. Бұл шараны өткізу арқылы мемлекетіміз әлем саясатының орталығына айнала білді», - дейді Бас прокурор.

Сонымен қатар ол прокуратура саласында қызмет атқарған көптеген ардагерлер жас мамандармен өз тәжірибелерін бөлісіп тұратындығын айтады. «Көптеген ардагерлеріміз әлі де қоғам өміріне белсене араласуда. Олар жас мамандарды тәрбиелеуде», - дейді Қ.Мәми.

Жалпы Алматы қаласы прокуратурасында 92 ардагер бар болса, оның 34-і - қала мекемесінде, ал 58-і республикалық ұйымда есепте екен.