ҚР Бас прокуроры жасөспірімдер арасындағы қылмысқа қарсы күрес саласында жұмысты жақсарту міндетін алға қойды

None
АСТАНА. 19 қаңтар. ҚазАқпарат - Бүгін Жамбыл облысының әкімдігінде Бас прокурор Қайрат Мәмидің төрағалық етуімен құқық қорғау және мемлекеттік органдардың ведомствоаралық кеңесі өтті, деп хабарлайды ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі.

Кеңес Мемлекет Басшысының «Қазақстан Республикасында құқық қорғау қызметі мен сот жүйесінің тиімділігін арттыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығының жасөспірімдер қылмыстылығының алдын алу және оған қарсы күрес саласындағы қағидаларын іске асыру мәселелеріне арналды.

Кеңеске Жамбыл облысының әкімі Қанат Бозымбаев, ішкі істер, білім беру және денсаулық сақтау министрліктерінің өкілдері, Жамбыл облысының құқық қорғау, бақылау-қадағалау, мемлекеттік атқарушы органдары мен соттардың басшылары және басқа да лауазымды тұлғалар қатысты.

Бас прокурор өзінің сөйлеген сөзінде талқыланып отырған мәселе балалардың құқықтары мен заңмен қорғалатын мүдделерін қорғауға тікелей байланысты болғандықтан, оның ерекше маңызды екенін атап өтті. Мемлекет бала құқықтары туралы конвенцияны және балалардың құқықтарын қорғау саласындағы басқа да бағдарламалық құжаттарды орындауға бағытталған шараларды жүзеге асыруда. Мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар, үкіметтік емес ұйымдар өзара тығыз байланыста бірлесіп, балалардың өмірін жақсарту жөнінде белгілі жұмыстар жүргізуде, құқық қорғау органдарының жұмысы күшейтілді.

Бұған дейін аталған мәселе бойынша республиканың Құқық қорғау органдары Үйлестіру Кеңесінің мәжілісі өткізілген болатын.

Облыстағы жасөспірімдер қылмыстылығының ахуалы жауапты лауазымды тұлғалардың қатысуымен бірнеше мәрте қаралғанын айта кету керек. Алайда қолданылған шараларға қарамастан, жастар арасындағы жағдай күрделі күйінде қалып отыр. 2009 жылдан бері облыста аса ауыр қылмыс жасаған, оның ішінде кісі өлтірген кәмелетке толмағандардың саны екі есе өскен. Әсіресе бұл мәселе облыс орталығында аса өзекті болып отыр, кәмелетке толмағандар жасаған қылмыстардың жартысынан көбі осында жасалған. Мектептерде ақша жинау тоқтамаған.

Мәжіліс қорытындысымен Бас прокурор жасөспірімдер қылмысына қарсы іс-қимыл және оның алдын алу саласындағы жұмыстың кемшіліктерін жою және осы саладағы шараларды ұйымдастыру жөнінде міндеттер қойды. Ең бастысы - ықпал етудің құқықтық шараларының пәрменділігін одан әрі арттыру, жастар арасында тиімді профилактикалық жұмыстар жүргізу, жасөспірімдерді қылмыстық элементтердің ықпалынан мейілінше арашалау, құқық бұзушылықтың алдын алуда отбасы мен мектептің рөлін арттыру, ведомстволық бақылау мен уәкілетті орган басшыларының жауапкершілігін күшейту, сондай-ақ осы саладағы прокурорлық қадағалауды жетілдіру қажеттігін атап өтті. Есірткінің заңсыз айналымы, ұйымдасқан қылмыспен күрес те басым бағыттардың бірі болуы тиіс.