«Б.Қуандықов Ұлттық Банк жүйесінде, экономика және бюджеттік жоспарлау, төтенше жағдайлар министрліктерінде басшылық қызметтер атқарды. Қызылорда облысының әкімі болды, өңірлердің жағдайын жақсы біледі»,- деді С.Ахметов.
Үкімет Басшысы Агенттік алдына еліміздің Президенті бірқатар маңызды міндеттер қойып отырғанын атап көрсетті.
«Біріншіден, азық-түлік тауарларының бағасы айрықша бақылауда болуы керек. Бұл әлеуметтік маңызды мәселе, сондықтан әкімдермен бірлесе отырып, азық-түлік бағасының негізсіз көтерілуіне жол бермеу қажет. Сонымен қатар, отын, жанар-жағар май нарығындағы баға саясаты мұқият қадағаланып отыруы тиіс»,- деді С.Ахметов.
Сондай-ақ С.Ахметов агенттіктің бұрынғы басшысы Ғабидолла Әбдірахымовқа жемісті еңбегі үшін алғыс айтты.
Мемлекет Басшысының Жарлығымен Ғ.Әбдірахымов Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары болып тағайындалғаны белгілі.