ҚР батысы мен шығысында жауын-шашын, бұрқасын, екпінді жел, көктайғақ күтіледі - 7 қарашаға арналған ауа райы болжамы

АСТАНА. 6 қараша. ҚазАқпарат - ҚР-ның батысы мен шығысында атмосфералық ағымдарға байланысты жауын-шашынның түсуі, кейбір жерлерде мол жауын-шашын, екпінді жел, көктайғақ күтіледі.

Қазақстанның қалған бөлігінде антициклон ықпалымен жауын-шашынсыз ауа райы күтіледі, деп хабарлайды ТЖМ-нің баспасөз қызметінен Қазгидрометке сілтеме жасай отырып.

Алматы, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарында, күндіз Қызылорда, Ақтөбе, Қостанай облыстарының бірқатар аймақтарында жел жылдамдығы 15-20 м/с дейін күшейеді, Жамбыл, Қостанай, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарының жекелеген аудандарында тұман түсіп, көктайғақ болады. Түнде Ақмола, Павлодар облыстарында жел 15-20 м/с дейін жылдамдықпен соғады, кейбір жерлерде бұрқасын болады.

Алдағы тәулікте республиканың оңтүстік, оңтүстік-шығыс және шығысында су деңгейінің ауытқуы күтіледі, Арыс өзенінде су деңгейінің одан әрі көтерілуі байқалады. Қазақстанның су нысандарының басым бөлігінде су бетінің салқындауы байқалады; солтүстік, орталық және шығыс облыстардың жекелеген өзендерінің бетінде мұз пайда болады.