«Бүгінгі таңда ұлттық спутниктік сандық таратылым желісінде резервті орындар бар. Бос орындарға өңірлік телеарналар ие бола алады»,-деп атап көрсетті Н. Оразов бүгін Қазақстан Ұлттық телерадиохабар таратушылар қауымдастығының мүшелерімен болған кездесуде. Оның айтуынша, «байқаудың негізгі талабы - қызықты әрі сапалы контент».
Еске сала кетейік, ағымдағы жылдың бас тұсында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық спутниктік сандық телерадио таратылым желісін ресми түрде іске қосқан болатын. ҚР Парламентінің Мәжіліс және Сенат депутаттары, мемлекеттік органдардың өкілдері және ҮЕҰ-ы мүшелік ететін Қазақстан Республикасының телерадиохабар тарату желісін дамыту жөніндегі комиссия конкурстық ұсынымдардың негізінде спутниктік сандық топтамаға енетін телерадио арналардың тізімін бекітті. Қазіргі уақытта тестік режимде көрсетіліп жатқан тегін топтамаға 18 республикалық, 14 облыстық телеарна мен 3 радио желісі енгізілген.
Телеарналар байқауға қатысу үшін өздерінің техникалық және шығармашылық әлеуеттерін ұсынды. Олардың ұсынымдарында сатып алынған, ретрансляциялық және төл бағдарламалардың эфирдегі арақатынасы туралы мәліметтер, хабар таратылымындағы тіл заңнамасының сақталуы, сондай-ақ жабдықтық-студиялық кешендерінің техникалық сипаттамасы жөніндегі ақпарлар қамтылды. Сонымен бірге ақпараттық, талдамалы, публицистикалық, жастар және балаларға арналған, музыкалық және көркем, деректі фильмдер сынды әртүрлі тақырыптағы бағдарламалары көрініс тапты.