Өз сөзінде Асқар Жұмағалиев Ғаламтор желісіндегі қазақстандық сегменттің дамуы үшін аталмыш кездесудің маңызын атап өтті. Министрдің айтуынша, «дәл қазір осы саланың мақсатты даму кезеңінде тұрғандығынан және бизнес-орта үшін коммерциялық жағынан тартымды болып отырғандықтан, қазіргі таңда Қазнеттің дамуы - министрлік қызметінің басым бағыттарының бірі болып отыр».
Кездесу барысында қазақстандық сайттарды қолдау бойынша мемлекеттік бағдарламаның есебі таныстырылды. Аталмыш бағдарламаның мақсаты - тегін VPS (жеке виртуалды сервер) хостинг қызметін ұсына отырып, қазақстандық сайттардың иелеріне қолдау көрсету. Сондай-ақ кездесу барысында бағдарламаға қатысу үшін белгіленген талаптарға сай ресурстар шақырылатыны айтылды. Олар: доменді зона (kz), сайттың тілі (орыс, қазақ, ағылшын), контент, жұмыс уақыты (үш айдан кем емес), статистика (сайтты айына 6000-нен кем емес кіру). Осымен қоса, қатысуға компаниялардың визитка-сайттары, үшінші тұлға тарапынан инвестиция алып отырған Интернет-дүкендер мен ресурстар жіберілмейтіндігі айтылды.
Асқар Жұмағалиев мемлекеттік қолдауға ие болған алғашқы алты сайтты атап өтті, олар: minber.kz, comport.kz, kzmz.kz, mama.kz, night.kz, uchi.kz және олардың авторлары мен иелеріне тегін хостинг пайдаланудың сертификатын тапсырды.