ҚР БҒМ мұғалімдердің біліктілік тестінен өте алмай қалуына қатысты пікір білдірді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов біліктілік тесті туралы көңілге күдік ұялатып жүрген бірқатар сауалдарға жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, біліктілік тестінің нәтижесі мұғалімдердің өзіне ғана аян.

«Кей мұғалімдердің біліктілік тестінен өте алмай қалуында қорқатын ештеңе жоқ. Бұл педагогтардың абыройына да нұқсан келтірмейді. Себебі, тестілеу нәтижесі интернетке жүктелген жоқ, тақтайшаға ілінген жоқ, білім басқармаларына жіберілген жоқ.. Әр педагог өз нәтижесі туралы ғана біледі, себебі бұл әр мұғалімнің жеке мәселесі», - деді вице-министр «Нұр Отан» партиясында өткен «Білім беру жүйесінде ағылшын тілін оқытуға кезең-кезеңмен көшу мәселелері»отырысында.

Сондай-ақ, біліктілік тестінен өткен педагогтар қазір екінші кезеңнен өтіп жатыр және 1 қыркүйектен бастап, жоғары жалақы ала алады.

«Мұғалімдердің көпшілігі пәндер бойынша сұрақтардың қиынға соққанын айтуда, бірақ, сұрақтардың барлығы мектеп бағдарламасынан алынды және айтарлықтай қиын болған жоқ. Мұғалімдердің 60% тестілеуден өтті, бұл өте жақсы көрсеткіш. (...) Таң қаларлығы, жыл сайын бұл тестіні жыл сайын 15 мың ғана педагог тапсыратын. Ал 2018 жылы 69 мың мұғалім өтінім берді, бұған санат бойынша үстемеақының көтерілуі ықпал еткен шығар. Әрине, бізде білікті кәсіби педагогтар көп, белгіленген межеден өте алмай қалғандар да қараша айында қайта сынақ тапсыра алады. Ол тестіден ойдағыдай өтсе, 2019 жылдың қаңтар айынан бастап үстемеақы ала алады», - деді ол.

Сондай-ақ, вице-министр мұғалімдер еңбекақысы жергілікті бюджет есебінен төленетінін, ал үстемеақылардың республикалық бюджеттен мақсатты түрде бөлінгенін атап өтті.