Бүгін Білім және ғылым министрлігінің алқа мәжілісінде Премьер-Министр Серік Ахметов осылай айтты.
«Алматы түбіндегі ұшақ апатынан азаматтарымыздың қаза болуына байланысты Елбасының жарлығымен бүгін, 31 қаңтар елімізде Ұлттық аза тұту күні болып жарияланды. Бұл суық хабар барлығымызға ауыр тиді. Марқұмдардың отбасыларына, туысқандарына қайғырып көңіл айтамын»,-деді Үкімет басшысы.
Осы орайда, алқа отырысының алдында қаза болғандарды еске алу үшін 1 минут үнсіздік жарияланды.
Еске салайық, 29 қаңтар күні 13 сағат 30 минутта Алматы облысының Іле ауданындағы Қызылту елді мекенінің жанында Көкшетау-Алматы бағытымен ұшып келе жатқан CRJ 200LR ұшағы апатқа ұшырады. Ұшақтың бортында 16 жолаушы, олардың арасында біржарым жастағы сәби және экипаждың бес мүшесі болды. Олардың барлығы да қаза тапты.
Авиаапаттың себептерін тексеру үшін арнайы комиссия құрылды, оған ТЖМ, ІІМ, көлік және коммуникация, денсаулық сақтау, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінің, Бас көлік прокуратурасының және ҚР көлік және коммуникация министрлігінің Азаматтық авиация комитетінің өкілдері енді.
Бас көлік прокуратурасы Қылмыстық кодекстің 3 бөлімінің 295-бабымен қозғалыс қауіпсіздігі ережесінің бұзылуы және екі және одан да көп адамды өлімге соқтырған әуе көлігін пайдалану бойынша қылмыстық іс қозғады.