ҚР Білім вице-министрі Талғардағы мектеп директорларымен кездесті

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - ҚР Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова Алматыға жұмыс сапары барысында Талғар қаласындағы мектепте болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кету керек, Талғардағы №5,14,16,49 мектептері 2013 жылдан бері жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесіне көшкен.

Министрлік өкілі мектеп директорларынан осы уақыт аралығында жеткен жетістіктер мен түйткілді мәселелер жайлы сұрап білді.

Пилоттық жоба 2013 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Қазіргі таңда Қазақстанда 73 мектеп жан басына шаққандағы қаржыландыруға көшкен.

Бұл жоба мектептер арасындағы бәсекелестікті дамытып, білім сапасын арттыруға бағытталған.

«2020-2021 жылдан бастап елдегі барлық толық комплектілі мектептер осы қаржыландыру жүйесіне көшеді. Өйткені, біздер әдістемені толық бірізді қылуымыз керек. Барлық түйткілді мәселелер болса, шешу жолдарын қарастыруымыз керек. Сондықтан, Талғар ауданы мектептерінің ұжымымен кездесу өткізіп жатырмыз», - деді вице-министр.

Оның айтуынша, қаржыландырудың жаңа форматының әдістемесі келесі жылдың қаңтарында толық қабылдануы тиіс.

«Кез келген нормативтің әдістемесінің негізінде мемлекеттік білім беру стандарты жатыр. Бұл Қазақстанның кез келген азаматына кепілді тегін білім алуына мүмкіндік береді», - деді вице-министр.

Кездесуге қатысқан аудандық мектеп директорлары жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесінің оң және кері тұстарын айтты.

Көбінесе мектеп өкілдері есеп беру, әкімшілік жұмыстарын жүргізу туралы түсініктірек айтылса деген ниет білдірді.

Вице-министрдің айтуынша, жаңа жүйе бойынша әр оқушыға жылына орта есеппен 212 мың теңге бөлінеді.

Бұл қаржыдан оқытушылардың жалақысы, әкімшілік шығындар, оқу құралдары, коммуналды шығындар төленетін болады.