ҚР Білім және ғылым министрі Алматы технологиялық университеті ұжымымен кездесті

; АЛМАТЫ. Ақпанның 11-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Елбасы жолдауында айтылған міндеттер мен мақсаттардың табысты орындалуы еліміздің әрбір тұрғынының қосқан үлесіне байланысты. Бұл туралы бүгін Алматы технологиялық университеті ұжымымен кездескен ҚР Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев айтты,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жансейіт Түймебаевтың айтуынша, білім саласы еліміздің тұрғындарының үштен бірін қамтиды. Мәселен, 50 мыңнан астам мектеп пен жоғары оқу орындарының оқытушылары, ғылыми қызметкерлер, тәрбиешілер 3,5 миллионнан астам оқушылар мен студенттерге білім беруде.

«Білім саласының өзекті мәселелері мен басты бағыттары күнделікті қоғам назарында. Өйткені, бұл сала еліміздің барлық тұрғынына қатысты», деп атап өтті министр. Оның айтуынша, бұл бағытта биылғы жолдауда Елбасы білім саласын тағы да басты бағыттардың бірі ретінде атап өтті. «Жолдауда Елбасы атып көрсеткен мемлекеттік «Балапан» бағдарламасы қоғам тарапынан үлкен қолдау табуда», деген министр Алматы технологиялық университетінің білім сапасына тоқталды. Ол өз сөзінде университетте қос дипломдық білім беру бағдарламасының табысты жүзеге асырылып жатқанына тоқталып, мамандықтар бойынша халықаралық аккредитациядан өтуді жеделдетуді ұсынды.

Кездесуге университет ұжымымен қатар Алмалы ауданының әкімі Марат Пірінбеков қатысып, Жолдау жайлы ойларын ортаға салды.