ҚР Білім және ғылым министрі елордада «Алтын белгі» иегерлерімен кездесті
Оның айтуынша, Л. Гумилев атындағы ЕҰУ «Алтын белгі» иегерлері ең көп түскен ЖОО болып саналады.
«Қазақстан бойынша, 3,5 мың оқушы «Алтын белгімен» бітірсе, соның үштен бірі осы университетке түсіп отыр. Елімізде барлығы 150 университетке қалған үштен екісі түсті. Бұл деген үлкен көрсеткіш», - дейді министр.
Б. Жұмағұлов кездесу барысында студенттерді ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығымен де құттықтады. Оның айтуынша, Елбасы егемендіктің қиын кезеңдерінде білім мен ғылым саласын ешқашан назардан тыс қалдырмаған.
«Осы жылдары біздің балаларымыз халықаралық білім олимпиадаларында 3,5 мыңнан астам медаль жеңіп алды. Тек биылдың өзінде, бір жылдың ішінде біз әлемдік білім жарыстарында 947 медальға ие болдық. Бұл - тамаша көрсеткіш!», - дейді Б. Жұмағұлов.
«Осы залда талай болашақ министрлер отыр, профессорлар, ғылым докторлары, академиктер, Қазақстанның болашақ мақтаныштары отыр», - деді білім беру ведомствосының басшысы.